Саябақтардағы аттракциондарға барлық бала бара алмайды

1159

Шымкент саябақтарында аттракциондар сиреп барады. Барының өзі ақылы. Әзірге әткешектері көп деп «Қиял әлемі» саябағын айтуға ғана болады. Ал Абай және «Орталық» саябақтарда аттракциондары алынып тасталды. Біріне ашық аспан астындағы тренажерлар орнатылса, енді бірі тек серуен орнына айналды.

«Кең баба» саябағындағы аттракциондар бір уақытқа да босаған емес. Мұнда балдырғандар көптеп жиналады. Бірақ ата-аналардың қалтасы олардың ұзақ уақыт асыр сап, ойнауын көтере алмайды. Тиын-тебенін санап әлек. Ересектер бағаны арзандатуды қалайды. Егер 2-3 баламен саябаққа серуендеуге келсе, қалталарының көтермейтінін жеткізді.

Ал «Қиял әлемі» саябағында аттракциондар көп. Балдырғандар үшін де, ересектер үшінде жағдай жасалған. Қала тұрғындарымен қонақтарының көңілінен шығып тұрған, әзірге, тек осы саябақ.

Гүлжан Сенбаева, қала қонағы: «Екі балаға бес-жеті мың теңге жұмсаймыз. Аттракциондар бұрынғы, ескі, ал бағасы қымбат. Бірақ, қанша дегенмен, Шымкентте қыдыру арзанға түседі.»

Жекеменшік болса да, қаржысы қалтаны қағып тұрса да, бұл екі саябақтан адам үзілген емес, Ал мемлекеттік деген Абай және орталық саябақтарда қыдырушылардың қатары сирек. Мұндағы ойын құралдары қызмет ету мерзімі өткендіктен алынып тасталған дейді билік өкілдері. Содан болар, бұл бақтар жаныңа тыныштық сыйлайтын мекенге айналған. Аттракциондардың орнына спорт элементтері орнатылған. Тегін.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=kwyhMCrv1-Q[/youtube]

Тағы бір тегін қызмет — интернет. Жылдың соңына дейін бес саябаққа тегін Wi-Fi орнатылады. Оған жергілікті бюджеттен 8 миллион теңге жұмсалмақ. Қазіргі кезде Тәуелсіздік саябағы мен Абай саябақтарында бұл жоба бастапқы ретінде енгізілген. Егер жастар тарапынан сұранысқа ие болып жатса, қаладағы тағы да бес саябаққа орнатылады.