Саябақтарда интернет тегін

30-007

Шымкенттіктер, соның ішінде жастар қауымы үшін жағымды жаңалық. Қаладағы бірқатар саябақтар мен гүлзарларда Wi-Fi интернет желісі іске қосылды. Лимитсіз бұл желіні орнату жұмыстарын «Payda innovations» ЖШС жүргізген. Оған жергілікті қазына есебінен 8 млн теңге жұмсалған. Мұндай сымсыз жүйе қаланың 6 саябағы мен гүлзарларда іске қосылды. Бұл жобаны тұрғындарға таныстыру мақсатында әкімдік пен БАҚ өкілдері шаһардағы Орталық саябақта бас қосып, интернет арқылы Wi-Fi желісі орнатылған өзге демалыс орындарындағылармен бейнебайланысқа шықты.

Бахадыр НАРЫМБЕТОВ, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары:

– Қалта телефонымды интернетке қосып, желінің қуаттылығын тексеріп көрдім. Әзірге нәтиже жаман емес. Бәлкім қолданушылар саны артқан сайын жылдамдық кемитін шығар. Дегенмен алдағы уақытта оның қуаттылығын арттыру мақсатында шаралар қарастырылатын болады. Демалыс аймақтарын тегін интернетке орнату жұмыстарын үрдіске айналдыруды жоспарлап отырмыз және де оның аумағын арттыру көзделуде. Мақсат — қала тұрғындары мен жастарды бос уақытын тиімді өткізуге шақыру болып табылады.

Мөлдір АЙНАБАЕВА, Шымкент қаласының тұрғыны:

– Қала тұрғыны ретінде сүйікті шаһарымызда осындай жобаның қолға алынғанына қуаныштымын. Алдағы уақытта өзге де аумақтарға желі орнатылса болар еді. Себебі ғаламтор — өте қажет нәрсе. Интернетсіз өмірді елестету мүмкін емес. Ол жылдам ақпарат алмасуға үлкен септігін тигізеді. Дәл қазір іске қосылған Wi-Fi желісін қолданып отырмын. Жылдамдығы жақсы. 

Кристофер Нума, Франциядан келген саяхатшы:

– Шымкентке Қазақстанның көрікті қалаларын аралап, оны шет елге таныстыру үшін арнайы жоба жұмысы аясында келдім. Бұған дейін Алматы, Астана секілді шаһарларда болдым. Соның ішінде Шымкенттен алған әсерім керемет. Халқы өте қонақжай. Мұнда келгеніме 3 күннен енді асты. Осы аралықта біраз достар тауып, олар қонаққа шақырып үлгерді. 

Демалыс аймақтарындағы тегін Wi-Fi желісі біздің ел үшін де таңсық емес. Париж қаласының барлық аумағы бұл жүйеге қосылған.

Мұндай желінің орнатылуына жастар тарапы себепші болған екен. Яғни, шаһар басшысы Д.Сатыбалдының облыс әкімі мен тұрғындарға есеп беру кезінде белсенді жастар тарапынан осындай ұсыныс түскен. Содан өңір басшысының тапсырмасымен жергілікті билік іске кіріседі. Әрине, мұндай жұмыс қомақты қаржыны талап ететіндіктен бұл мәселе бірден шешімін таппаған. Бюджеттің мүмкіншілігіне қарай арада 4 ай уақыт өткен соң жастар ұсынысы іс жүзінде жүзеге асты.

30-008

Жобаны жүзеге асырушы компания өкілдерінің айтуынша, лимитсіз жүйенің жылдамдығы мен тұтынушылар бойынша ай сайын мониторинг жүргізіліп отырмақ. Тағы бір атап өтерлігі, жастардың кері тәрбиесіне әсер ететін сайттарға кіруіне шектеулер қойылған. Нақтырақ айтқанда, еліміздің заң талаптарына қайшы құқық бұзушылыққа жол беретін, діни экстремизмді насихаттайтын көрсетілімдерді көріп, бұл бойынша ақпарат алмасуға қатаң тыйым салынған. Айта кетейік, іске қосылған жүйе 8 Мбит/с жылдамдықта жұмыс істейді. Сонымен, шымкенттіктер мен қала қонақтарының кез келген уақытта интернетті тегін пайдалануына мүмкіндік туды.

Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ