Өткен апта күнгей жұртшылығы үшін жағымды жаңалықтарға толы болды. Астана мерекесіне орай жер-жерлерде әртүрлі әлеуметтік нысандар, мектеп, балабақша, кәсіпорындар пайдалануға беріліп, халық игілігіне тапсырылды. Сонымен бірге Шымкент қаласындағы «Нұрсәт» шағынауданында салынған көпқабатты үйден тұл жетімдер, ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар мен болашағы жоқ ауылдардан көшірілгендерге пәтер кілті салтанатты жағдайда табыс етілді.
Қуаныш иелерінің баспаналы болуы бірінші кезекте «Жұмыспен қамту-2020» мемлекеттік бағдарламасының арқасында екенін атап өткен жөн. Жалпы бұл бағдарлама мемлекет басшысының Жолдауында берілген тапсырмаға сәйкес ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан әзірленген болатын. Оның әртүрлі бағыттары бар. Бағдарламаның 3-ші «Еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру» бағыты бойынша жоғарыда айтып өткеніміздей – экономикалық белсенді аймақтарға шалғайдағы болашағы жоқ ауыл тұрғындарын және балалар үйінің тәрбиеленушілерін, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды көшіріп, жұмысқа орналастыру көзделген еді. Биліктің бұл мақсаты бүгінде жүзеге асып келеді.
Жаңа қоныс иелеріне 1 бөлмелі 10 пәтер, 2 бөлмелі 21 пәтер бұйырды. Қалған 32 пәтер бұған дейін пайдалануға берілген болатын. «Нұрсәт» шағынауданының солтүстік тұсындағы кіреберісінен орын тепкен 63 пәтерлі аталмыш үйдің нөмірі – 130.
Жалпы, бағдарламаның аталған бағыты бойынша салынып отырған жалғыз бұл үй емес. Бұдан өзге 5 бірдей көпқабатты үй салынып, бүгінде қоныс тойы тойланып жатыр. 6 үйде 449 отбасы бар. Оның ішінде 180 отбасы – жетім балалар, 95-і – балалар үйінің тәрбиеленушілері, 45 отбасы – ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар болса, 129 отбасы – аз қамтылған және әлеуеті төмен елді мекендерден қоныс аударғандар. Бұл отбасылардың ішінде еңбекке қабілетті 614 адамның 433-і тұрақты жұмыспен қамтылып, 30-ы әлеуметтік жұмыс орындарына жіберілсе, 12 адам кәсіби оқуға жолданыпты. Бұл үйлерді тұрғызуға біраз қаражат кеткенін де білдік. Бақандай 2 млрд 655,1 млн теңге шығындалған. Ақша шашылып кетпей, түгел игеріліпті.
«Қоныстанушылардың Еңбекке қабілеттілері Шымкент қаласының кәсіпорындары мен мекемелеріне жұмысқа тартылады, тіпті, жұмыс орындары да дайын», – дейді ОҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының өкілдері. Атап айтқанда, «Гелиос», «Беркут-Мика», «Sodexo Kazakhstan», «Шымкент жол жөндеу шаруашылығы» ЖШС-лары мен басқа да кәсіпорындардан жұмыс орындары ұсынылған көрінеді.
Дәурен ӘБДІРАМАНОВ