Шымкентте біз естімеген ән мен күй орындалды. Мәдени жоба халықтың ұмытылар шегіне жеткен төл туындыларын жаңғырту мақсатында қолға алынған. Халық қазынасын бұл жолы аудан-қалалардың өнерпаздары дәріптеді.
Жастық дәуреннің жалыны мен ширек ғасырдың естелігі осы бір әннің бойынан табылады. Көпшілік сағынышқа айналған шығарманы тыңдап, уақыттың жәйін түсінді. Ал ұмытылар шегіне жеткен осынау әнді Сайрамдық «Ақсу аспаптар ансамблі» аз уақыт іздеген жоқ.
Серғали Мырзабаев, «Ақсу халық аспаптар» ансамблінің әншісі: «Сахнада екі ән орындадық. Керемет әсердеміз, ең бастысы тыңдарман әнімізді жақсы қабылдады. «Жастық дәурен өтеді-ай» халық әнін біз оп-оңай тапқан жоқпыз. Бұны Райымқұл Темірбаев ағамыздың 300 ән жинағынан іздеп таптық. Оңтүстіктің халық әндері сол кітапта жарық көрген. Ал осы кеште орындалған әндердің көбін келешекте орындаймыз, фольклормен орындаймыз. Тағы «Қарақыз» деген әнді де таптық. Мұны да алдағы күндері орындаймыз деп жоспарлап отырмыз».
«Біз естімеген бір ән мен күй» жобасы осыдан 1 ай бұрын қолға алынған. Алғашында байқау ретінде өрбіген шара бүгінде сағынышқа толы сырлы кешке айналды. Мұнда халық әндері мен жыр-толғаулардан бөлек, күмбірлеген күй де халық қазынасын жаңғыртты. Бүгінде ел есінде еміс-еміс қана сақталған туындыдан дархан дала мен тектіліктің сырын анық аңғарасыз.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=hfmHkTqgp84[/youtube]
Қуандық Бөбей, көрермен:»Бұрында бала кезімізде естіген, қазір еміс-еміс қана есімізде сақталған әндерді тыңдап, мәз-мейрам болып отырмыз. Ал бізден кейінгі жастар бұл әндерді мүлдем естімеген десек болады. Мынау батыстың даңғара әуендеріне еліктеп кеткен жастарға бұл кеш жақсы үлгі-өнеге. Қазір Сайрам ауданының халық аспаптар ансамблі «Қаракөзім» әнін өте тамаша орындады. Құлаққа жағымды, сондай жақсы әуендер».
Елдің сағынышына айналып, ұмытылуға шақ қалған туындылар осылайша Оңтүстік өнерпаздарының орындауында қайта ұсынылды. Сахнаға жастар ғана емес, «Шардараның әжелері» тобы да халық әндерін орындап, халықтың төл туындыларын дәріптеді. Енді бұл әндер мен күйлер бір таспаға жиналып, тыңдарманға жол тартады.