Шымкенттегі пәтерлер қанша тұрады?

Шымкенттегі пәтерлер қанша тұрады?

Мемлекеттік «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы осыдан екі жыл бұрын қабылданды. Содан бері бірқатар қазақстандыққа бас-паналы болу бақыты бұйырды. Бірақ, мәселе мұнымен түбегейлі шешілген жоқ. Өйткені күнін санап кезегін күткен халық қаншама. «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасының жүзеге асуы жайында мәлімет алу үшін Шымкент қалалық тұрғын-үй секторына хабарласып, сектор меңгерішісі Гүлнар Әшірбаеваны әңгімеге тартқан болатынбыз.

Шымкенттегі пәтерлер қанша тұрады?
Шымкенттегі пәтерлер қанша тұрады?

– «Қолжетімді баспана» бағдарламасы 2012 жылы қабылданды. Содан бері шымкенттік тұрғындардың неше пайызы үйге қол жеткізді?

– Қазіргі таңда қаламызда «Қолжетiмдi тұрғын үй-2020» бағдарламасының келесі бағыттары жүзеге асырылуда:

Бірінші бағыт – жергілікті атқарушы органдарда (ЖАО) кезекте тұрған азаматтарға арналған тұрғын үй. Бұл бағыт бойынша 2012 жылы 60 азамат тұрғын үймен қамтамасыз етілсе, 2013 жылы 5 тұрғын үй пайдалануға беріліп, осы кезектерде тіркелген 171 азамат баспанаға қол жеткізді.

Екінші бағыт – тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы салынатын тұрғын үй. Бұл бағыт бойынша берілетін баспаналарға құжатты халықтың барлық санаттары және жас отбасыларға арналған пәтер делінген топтарға сай рәсімдеуге болады.

Халықтың барлық санаттары бойынша құжат тапсырған кез келген азамат «Тұрғын үй құрылыс жинақ Банкінің» салымшысы және төлем қабiлетi болған жағдайда пәтер алуға құқылы.

Жас отбасыларға берілетін пәтерлерге келсек, жыл басынан бері Шымкентте 84 отбасы баспанаға қол жеткізді. Бұл 2 тұрғын үй толығымен пайдалануға берілді деген сөз.

Үшінші бағыт – «Қазақстан Ипотекалық Компаниясы» ИҰ АҚ арқылы салынатын тұрғын үйлер. Әзірге бұл бағыт бойынша қала бойынша ешбір тұрғын үй пайдалануға берілген жоқ.

– Көпшілік бағдарламаның балдық жүйесін жіті түсіне бермейді. Өтініштерді балдық жүйе бойынша сараптауды түсіндіріп өтсеңіз… 

– Екінші бағыт бойынша жас отбасылардың тізімі балдық жүйе негізінде жергілікті атқарушы органмен іріктеліп, төлем қабілетті расталған отбасыларға пәтер бекітіліп, ресімделеді. Ол жүйе төмендегіше есептеледі:

1) тұңғыш бала үшін – 20 балл, келесі екінші және кейінгі балалар үшін 30 балл;

2) мүгедек және Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен созылмалы аурулардың кейбір ауыр түрлерімен ауыратын отбасының әрбір мүшесі үшін – 10 балл;

3) кәмелетке толғанға дейін ата-аналарынан айырылған, 29 жасқа толмаған, жетiм балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың санатына жататын ерлі-зайыптылардың әрқайсысы үшін – 10 балл.

4) мемлекеттік бағдарламаның шеңберінде алдағы іріктеу кезінде салынған тұрғын үйдің тізіміне қосылмаған үміткерлер үшін – қосымша 5 балл;

– Әлеуметтік ахуалы төмен жандарға қандай жеңілдіктер қарастырылған? 

– Халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобы бағдарламаның бірінші бағыты бойынша жергілікті атқарушы органға келіп, тұрғын үй алу тізіміне тіркеліп, кезек реті бойынша баспаналы болуға мүмкіндіктері бар. Одан бөлек бұндай азаматтар төлем мүмкіндіктеріне қарай «Қазақстан Ипотекалық Компаниясы» ИҰ АҚ арқылы тұрғын үй алуға өтініш берулеріне болады. Халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобына келесі санаттар енеді:

1) Ұлы Отан соғысының мүгедектерi мен қатысушыларына теңестiрiлген адамдар;

2) I және II топтағы мүгедектер;

3) мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеушi отбасылары;

4) заңдарда белгiленген тәртiппен бекiтiлетiн аурулар тiзiмiнде аталған кейбiр созылмалы аурулардың ауыр түрлерiмен ауыратын адамдар;

5) жасына қарай зейнет демалысына шыққан зейнеткерлер;

6) кәмелеттік жасқа толғанға дейiн ата-аналарынан айырылған 29 жасқа жетпеген жетiм балалар;

7) оралмандар;

8) экологиялық зiлзалалар, табиғи және техногендi сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан тұрғын үйiнен айырылған адамдар;

9) көп балалы отбасылар;

10) мемлекеттiк немесе қоғамдық мiндеттерiн, әскери қызметiн орындау, адам өмiрiн құтқару немесе құқық тәртiбiн қорғау кезiнде қаза тапқан адамдардың отбасылары;

11) толық емес отбасылар;

– Қазіргі таңда Шымкенттегі пәтерлердің бағасы (1 шаршы метрі) қандай? 

– «Қолжетiмдi тұрғын үй-2020» бағдарламасымен бекітілген таза әрленген тұрғын үйдiң сатылу бағасы (1 шаршы метрi үшiн) келесідей:

Бірінші бағыты бойынша:

1) жайлылығы 4-сыныпты – 80 мың теңге;

Екінші бағыты бойынша:

1) жайлылығы 4-сыныпты – 90 мың теңге;

2) жайлылығы 3-сыныпты – 100 мың теңге;

Үшінші бағыты бойынша:

1) жайлылығы 4-сыныпты – 110 мың теңге;

2) жайлылығы 3-сыныпты – 120 мың теңге;

– Өтініштер қай уақытта қабылданады және қанша уақыт қаралады?

– Бірінші және үшінші бағыттар бойынша құжаттар күнделікті қабылданады.

Екінші бағытының екінші жүйесі бойынша (жас отбасыларға) жергілікті атқарушы орган тұрғын үй пайдалануға беруге 6 ай уақыт қалғанда құжаттарды қабылдау мерзімі туралы хабарлама беріп, сол күннен бастап құжаттар қабылданады.

– Пәтерді алдымен жалға алып, кейін өз меншігіне өткізіп алу жағын кеңінен түсіндіріп беріңізші. Бұл бағыт бойынша кімдер пәтерге қол жеткізе алады? Шарттары қандай?

– Бағдарлама ережесіне сәйкес бұл бағыт бойынша жас отбасы 6 айлық төлем көлеміндегі кепілдік жарнасын төлейді. 8 жыл аралығында банкте пәтердің 50 пайызын жинақтап, жалға берілетін пәтерде тұра береді және оның коммуналдық шығындарын төлеп отырады. Содан соң 8 жылдан кейін пәтер құнының қалған 50 пайызына ТҮҚЖ банкісі 4 пайыздық жылдық мөлшерлемесімен 15 жылға несие береді. Түптеп келгенде қарыз 23,5 жылға беріледі. Сондай-ақ, оны мерзімінен бұрын өтеуге болады.

Бағдарламаның талаптарына сай келетін кез-келген жас отбасы пәтерге қол жеткізе алады. Ол үшін төмендегі талаптарға сай келуі қажет:

– бағдарламаға қатысу үшiн өтiнiш берген кезде ерлi-зайыптылардың екеуiнiң де жасы 29-ға толмауы қажет;

– некеге тұрғанына кем дегенде екі жыл толуы қажет;

– олардың екеуі де, отбасының өзге мүшелері де өтініш беріп отырған жерде тіркелуі тиіс;

– ерлі-зайыптылар мен отбасы мүшелерінің соңғы бес жылда Қазақстан Республикасы аумағында иелігінен шығарылған басқа баспанасы болмауы және соңғы бес жылда отбасы мен отбасы мүшелерінің баспана мәселесін әдейі нашарлатып көрсетуіне болмайды. Сонымен қатар, отбасының жиынтық табысы төменгі күнкөріс шегінің 3-есесіне тең болуы және ең көп дегенде олардың айлық табысы 12 еселенген төменгі күнкөріс шегінің қосындысынан аспауы шарт (қосымша табыс салығы, зейнетақы төлемдері және басқа да төлемдерді көрсетпей).

Үшінші бағыт бойынша:

Сатып алу құқығы бар жалдау шартының мерзімі 15 жылды құрайды. Қоныстанған кезде ең аз бастапқы жарна 6 айлық жалдау төлемінің мөлшерінде болады. Ай сайынғы жалдау төлемдерінің қалған сомасына тең келетін қалдық құны бойынша 10 жыл жалдау мерзімі өткеннен кейін жалға берілген тұрғын үйді сатып алу мүмкіндігі болады.

– Әңгімеңізге рахмет.

Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ