Жыл айналып мұсылман қауымы тағаттарын тауыса күткен Рамазан айы келді. Құран түскен қасиетті айда тозақ есіктері жабылып, құлшылық қылған қауымның тілектері қабыл болады. Жаратқан иеміз Рамазан айында мұсылман қауымына ауыз бекітуді міндет еткен. Алланың разылығы үшін бес парыздың біріне жататын оразаны өтеген адамның шексіз мейірімге бөленері хақ. Сонымен бірге оразаның отыз түні Тарауих намаз оқумен өтеді. Мұсылмандар үшін сауапқа толы құлшылық жайында дінтанушы Мұхамеджан Естеміровпен сұхбаттасқан едік.
– Мұхамеджан аға, Тарауих сөзі қандай мағына білдіреді?
– Айлардың сұлтаны болып саналатын қасиетті Рамазан айының адамзатқа рухани және әлеуметтік, медициналық жағынан пайдасы бар. Бұл айда күндіз ораза тұтқаннан кейін, кешкісін құптан намазынан соң 20 ракат тарауих намазы оқылады. Тарауих сөзі «дем алу, демалыс» дегенді білдіреді. Оны барлық мұсылмандар топ-топ болып, жамағат болып, біргелікте оқиды.
– Бұл намазды қалай және қай уақытта оқу керек?
– Қасиетті Рамазан айында Құптан намазының 4 ракат парызы және 2 ракаттан кейін ер және әйел кісі жиырма рәкат тарауих намазын оқуы — сүннет муәккәдә. Яғни бектілген сүннет амал болып саналады. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) тарауих намазын сүннет болу мәселесіне қатысты: «Хақ тағала сендерге оразаны парыз, тарауих намазын сүннет етті. Шын иман және ықыласпен Рамазан оразасын ұстаған және тарауих намазын оқыған адам күнәдан анадан жаңа туған нәрестедей пәк болып тазарады», – деген. Кез келген елді мекендердің тұрғындары тарауих намазын өздеріне қарасты мешітте жамағат болып оқуы — сүннет кифая. Осы себептен бір мешітке қарасты жамағаттың бірі де тарауих намазын мешітте оқымаған жағдайда жамағаттың барлығы сүннетке қайшы әдепсіздік еткен болады. Жалғыз оқыған адам әдепсіздік етпегенімен, жамағаттың сауабынан құр қалады. Тарауих намазының уақыты – Құптан намазы мен таң атудың аралығында. Осы себептен Құптан намазынан бұрын оқылған тарауих тарауихқа жатпайды. Тарауих намазын оқудың ең абзал мезгілі – түннің үшінші бөлігі кіруден бұрын. Сонымен қатар тарауих намазын құптан намазы оқылғаннан кейін үтір уәжіп намазынан бұрын оқылады. Осы себептен имам тарауих намазын оқып тұрған болса, мешітке кешігіп келген адам алдымен құптанның парызын оқып, кейін тарауих намазына тұрады. Бұл жағдайда құптан намазының сүннетін тарауих намазының отырыстары арасында оқыса болады. Оқымаса, соңынан үтірден бұрын оқып алады.
– Намаз кезінде қандай амалдар мұстахаб?
– Тарауих намазының мустахабтары (мустахаб – ұнамды, сауапты амал деген мағына) төмендегінше: 1. Әр екі немесе төрт рәкатта сәлем беру. 2. Әр төрт рәкәтта сәлем бергеннен кейін, намаз «тарауих» деп аталуына сай демалу. Демалу уақытында түрлі зікір, дұға етсе, уағыз айтса, тіпті үндемей отырса да болады. Себебі, жаман сөз айтпай үндемей отырудың өзі – ғибадат. Жалпы демалу барысында осы айтылған амалдың қайсысымен шұғылдану жамағаттың ықтиярындағы іс. 3. Тарауих намазында Құранды бір рет хатым ету. Бұл мәселеде имам жамағатты қашырып алмау мәселесін ескерген жөн. Жамағатта қарттар мен жас балалар болған жағдайда имам тарауих намазында қысқа сүрелерді оқығаны абзал. Негізінде Рамазан бойы тарауих намазын оқу барысында Құранды бір рет хатым ету, яғни бастан-аяқ оқып шығу – сүннет. Мәселен, Құран хатымын Рамазанның бірінші түні бастап соңғы түнінде аяқтаса болады. Бұл мәселеде ғалымдардың арасында келіспеушілік жоқ. 4. Тарауих намазын мешітте оқу. Себебі, жамағатпен оқылатын намаздың абзалы – мешітте оқылған намаз. Үзірлі жағдаймен оқылмаған тарауих намазының қазасы өтелмейді. Жамағат жалқауланса тарауихты жекелей болса да оқу керек. Өйткені тарауих намазы – сүннет муәккәдә, яғни уәжіпке жақын. – Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан – Пернебай Сапар