Жасөспірімдерді бейімдеу орталығынан шу шықты

546

Кәмелетке толмағандар жеткіншектерді бейімдеу мекемесінің тәрбиеленушілері араша сұрайды. Жасы үлкендер тарапынан көрсетілетін әлімжеттіктің құрбаны болғандар әлеуметтік желіге арнайы бейнеролик салып, құзырлы органдардан көмек сұрады.

Балалардың айтқанын бейтаныс әйел таспаға жазып тұрған. Жасөспірім қыздар «шынын айтып», орталықта әлімжеттіктің оты лаулап тұрғанын жеткізіпті.  Айтуларынша, жасы үлкендер өздеріне әлімжеттік көрсетіп, тамақтарын тартып жеген, тіпті, қол жұмсайтын көрінеді. Ол аздай, жердегі қоқысты тілдерімен жинатып, айтқандарын істемесе мазақ етіп, бастарын унитазға тыққан да күндері болыпты.

Алайда мекеме басшысының міндетін атқарушы Жанар Қарымбаева орталықта ешқандай әлімжеттік дерегі орын алған емес, шағым да болмаған дейді.

Жанар Қарымбаева, кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы басшысының міндетін атқарушы: «Мұндайды көрген емеспін. Ешкімді ұрғанын, соққанын айтам. Керісінше, үлкен балалар кішкентай балаларды сүйрелеп, құлап жатса, тұрғызып жүреді.»

Мекеме басшысының бұл сөзін орталыққа жақын тұратын тұрғын жоққа шығарды. Күндіз-түні у-шу естілетін балалар мекемесінде бірін-бірі ұру, соғу жағдай көп болады дейді.

Білімжан Боташова: «Тәрбиешілер мүлдем қарамайды. Тәрбие дегеннен садаға кеткен. Бұлардың айтқан сөздерін естігенде жағаңды ұстайсың. Хайуанға айтатын сөздерді айтады. Неше жылдан бері сол сөздерді естіп, көріп, біліп отырмыз.»

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=_FOKgAih240[/youtube]

Орталыққа осыдан екі ай бұрын келген екі жасөпірім қыздың сөзін жазып алған осындағы тәрбиешілердің бірі болып шықты. Орталықта қызмет ететін ол балалардың сөзінің рас-өтірігін анықтамақ болдым дейді. Осындағы әлімжеттікті болдырмауға бар күшін салатынын да жасырған жоқ.

Әлеуметтік желідегі бұл ролик бойынша прокуратура органдары тексеру жұмыстарын бастады. Еңбекші ауданы прокурорының орынбасары Бақыт Сайфулланың айтуынша, аталған хабарлама бойынша жиналған құжаттар негізінде қылмыстық кодекстің 107-бабының екінші бөлігімен қылмыстық іс қозғалыпты. Енді облыстық кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығындағы әлімжеттік деректері бойынша нақты қорытынды шығару үшін екі ай уақыт керек.