Жастар жол ережесін біле ме? Облыстық жастар мәселелері басқармасының мамандары мен жол-патрульдік полицейлері жасы 30-ға дейінгі жастардың жол жүру ережесінің қай деңгейде екенін білу мақсатында арнайы рейд жүргізді.
Күн қарайғанда басталған бұл шара үш күн бойы жүргізілді. Қаланың барлық аудандарында өткерілген рейд облыс әкімінің тапсырмасы бойынша іске асып отыр. Өйткені, желөкпе жастарды тәрбиелеу тек пагондылардың ғана міндеті емес. Арнайы құрылған жастар басқармасының мамандары да өз замандастарын тура жолға шақыруы керек.
Темір тұлпарды тізгіндеген кілең жас шара барысында шенділердің үгіт-насихатын тыңдап қана қойған жоқ. Полицейлердің талаптарын да бұлжытпай орындауға тырысты. Тіпті, кейбір жүргізушілер көлік терезесінің күңгірттелген қабатын шешіп те жатты. Айтпақшы, бүгінгі бозбала бұзатын жол ережесінің көбісі осы терезені тұмшалауға қатысты орын алады екен.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=SrhoWlwaCsM[/youtube]
Нариман Арыспаев, жол-патрульдік полициясының инспекторы: «Жастар, көбінесе, қауіпсіздік белдігінсіз рөлді басқаруға құмар. Көліктің жылдамдығын үдеткенді ұнатады. Басып озу кезінде қарсы беттен келе жатқан көліктердің алдынан шығып қалатын қауіпті жағдайларға жиі тап болады.»
Сөйтіп, үш күндік рейдттің қорытындысы бойынша жол ережесін бұзғандар көп болмады. Мәселен, өткен жылы дәл осындай рейд кезінде ережені бұзған 15 жағдай тіркелсе, бұл жолы оның саны 3-еуге қысқарыпты. Енді жастар мәселелері басқармасының мамандары жастардың жол ережесін қалай мүлдем бұзбауға болатыны туралы бас қатырып жүр.