Оқушы сөмкесінің салмағына қатысты алаңдаушылықтың пайда болғанына біраз болды. Өз баласының әр күні мектепке ауыр сөмкені арқалай жөнелетініне наразылық танытқан ата-аналардың қаупіне Денсаулық сақтау министрлігі болысып келеді.
Дәрігерлер ауыр сөмкенің бала денсаулығына зияндығы жөнінде айтудан танбайды. Беларусь Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі оқушы сөмкесінің салмағына қатысты талапты күшейтіп, арнайы салмақ нормасын белгіледі. Осы қаулының қазақстандық БАҚ-та жиі таралып, оқырмандар тарапынан көп талқылауға ие болуы да жағдайдың күрделі екендігін көрсетті. Беларусь елінің Денсаулық сақтау министрлігі 3-4 сынып оқушысы үшін кітап-дәптер мен жазу-сызу құралдары салынған сөмкенің салмағы 2 келіден аспау керек деп белгіледі. 5-6 сыныптар үшін – 2,5 кг, 7-8 сыныптар үшін – 3 кг, ал 9-11 сыныптар үшін – 3,5 кг болуы шарт деген міндет қойды. Бос сөмкенің де салмағы назардан тыс қалмады. Бастауыш сынып оқушысының сөмкесінің салмағы 700 грамнан аспайды. Орта және жоғары сынып оқушыларына 1 кг тартатын сөмке стандарт деп қабылданған. Бұл шектеулер ресми түрде бекітілді.
Осы бағыттағы біздің жағдай әзірге оңалмай келеді. Қазақстандық мектеп оқушыларының сөмкесін қолға ұстасаңыз, салмағы зіл батпан екенін байқайсыз. Жас омыртқаның ауыр сөмкені мықшыңдай көтеріп бара жатқанына куә боласыз.
Бізде оқушы сөмкесінің салмағына қатысты арнайы бір реттеу әзірге қабылданған жоқ. Білім министрлігі осы тарапта бас қатырып келе жатқандығын айтады. Оқулық салмағына қатысты арнайы шектеу қойылған. Бастауыш сынып оқулығының салмағы 300 грамнан, 5-6 сынып оқулықтары 400 грамнан, 7-9 сынып оқулықтары 500 грамнан, ал бітіруші сынып оқулықтарының салмағы 600 грамнан аспауы шарт.
Дәрігерлер болса, бастауыш сынып оқушысына сөмке, не портфель алып берудің қажетсіздігін айтады. Дұрысы, матадан тігілген рюкзакты қолдануға кеңес береді.
Жәнібек НҰРЫШ
«Оңтүстік Рабат», №33, 13.08.2014