«Тыңдамаймын анамды…» Желіде 3-сыныпқа арналған оқулық қызу талқыға түсті

8601

Әлеуметтік желіде 3-сынып оқушыларына арналған «Әдебиеттік оқу. 1-бөлім» оқулығы қызу талқыға түсті.

Кітапты белгісіз ер адам видеоға түсіріп алған және бейнежазба ТікТок желісінде пайда болды. Автор өз сөзінде бастауыш сынып оқушыларына арналған оқулықтағы  Ертай Ашықбаев есімді ақынның «Ғаламтор туралы» өлең жолдарын сынға алған. Сөзіне дәлел ретінде ер кісі оны мәнерлеп оқып шығады.

«Ашып қалсам, Ертай Ашықбаев деген ақынның жазған өлеңі. Мынау не деген сұмдық?

Ғаламторға кіремін,

О, аралап жүремін!

Мейлі, белім ауырсын,

Солсын, мейлі, реңім…»,-дейді автор.

Бұдан өзге өлең жолдарында қызықты сәттерде пернетақта жан серік болатыны, кітапты да ұстамайтыны, дәптер тіпті керек еместігі туралы жазылған. Ары қарай төмендегі шумақтарды оқуға болады:

Сабақты да қоямын,

Тамақты да қоямын,

Сөз-сусынды ішемін,

Сурет-нанға тоямын.

Ғаламторда жүремін,

Қызық өмір сүремін.

Көзім мейлі шаршасын,

Мейлі ауырсын жүрегім.

Тыңдамаймын анамды,

Тыңдамаймын ағамды.

Тәртібімде ісім жоқ,

Түзетпеймін бағамды.

Барлығыңды таң қылып,

Жүре берем қаңғырып.

…Уақытым жоқ, қоштасып

Қоюға да мәңгілік.

«Айналайындар, не деген сұмдық мынау? Қайда қарап отырсыңдар? Аяқ жағында «ғаламторға кірмеңдер» деп те айтқан жоқ қой…»,-дейді ашуға булыққан ер кісі.

Видеоны көрген желі қолданушыларының пікірі екіге бөлінді. Бірі оқулыққа осындай өлең жолдарын енгізген жауаптыларды сынның астына алса, енді бірі бұл балаға ауыспалы мағынада жеткізілгенін алға тартты. Дегенмен көпшілігі 3-сыныпта оқитын бала ауыспалы мағына дегенді түсіне бермейтінін атап өткен.

«Ақын ғаламтордың жаман жағын көрсеткен», «Ауыспалы мағынада жазған ғой», «Бала тура қабылдайды ғой. Оның ауыспалы мағынасын ұғады ма?», «Жетіскен екенбіз… Министрлік қайда қарап отыр?», «Бұл кісі дұрыс айтып тұр, бала басқаша түсінуі мүмкін», «Осыны баламның кітабынан көріп, таң қалғанмын…», «Бұл не керек 3 оқитын балаға?» деп жазды желі қолданушылары.

Өлең жолдарына қатысты Шымкенттегі мектептердің бірінде 3-сыныпта оқитын оқушының анасы да пікірін білдірді.

Гаухар Сержанқызының айтуынша, қызы бұл тапсырманы II-тоқсанның басында өткен.

«Алғашында бала түгілі, өзіміз де тура мағынада қабылдадық. Қызымнан әдейілеп «Не түсіндің?» деп сұрадым. «Анасын, ағасын тыңдамауға, кітапты оқымауға болады екен» деп тұр. Үйде бірнеше рет қайталап оқытып, ауыспалы мағынасын түсіндіріп бердім. Мектепте апайы да балаларға ғаламтордың теріс тұстарын түсіндірген екен. Демек көбі тура мағынада түсінген болып тұр ғой»,-дейді оқушының анасы.