«Мемлекет тегін оқулықтармен қамтамасыз етуге міндетті емес»

34-001

Жыл сайын жаңа мектептер есігін айқара ашқанымен, облыстың кей оқушылары әлі де үш ауысымда білім алуға мәжбүр. Облыстық білім басқармасын-дағылардың айтуынша, қазіргі таңда Оңтүстікте мұндай мектептер саны — 20. Бүгінде оның 7-еуіне қосымша құрылыс жүргізіліп, 4-еуі биыл пайдалануға берілмек. Алайда мұнымен мәселе шешіледі деп айту қиын. Себебі өңірдің демографиялық өсімі жоғары. Мәселен, жаңа 2014-2015 оқу жылында 66258 бала мектеп табалдырығын аттайтын болса, былтыр олардың саны 66 224 болған. Облыстық білім басқармасын-дағылардың берген мәліметіне сүйенсек, Оңтүстік үш ауысымда білім беретін мектептерден тек 2017 жылы арылмақ. Әрине, ол үшін талай нысан салынуы қажет екені айтпаса да түсінікті. Оның үстіне бізде сонау кеңес дәуірінің көзі болып қалған білім ұялары тағы бар. Олардың кейбірі апатты күй кешіп отыр. Апатты жағдайдағы 48 мектептің 37-сіне құрылыс жүріп жатыр. Жыл соңына дейін оның 14-інің құрылыс жұмысы аяқталмақ.

Есенғазы ИМАНғалИЕВ, ҚР Білім және ғылым вице-министрі:

– Мемлекет барлық оқушыларды тегін оқулықтармен қамтамасыз етуге міндетті емес. Алдымен аса мұқтаждар мүмкіндігіне қарай қамтамасыз етіледі. Егер мектеп кітапханасында мүмкіндік болса, аса мұқтаждардан соң келесі санатты қамтамасыз ете бастайды. Біз ата-аналарды барлық оқулықты сатып алуға мәжбүрлемейміз. Мысалы, менің ұлым төртінші сыныпқа барады. Алдымен кітапхана қоры оқулық береді, жетпегенін біз сатып аламыз. Ол шамамен 60%-дан аспайтын мөлшерде. Әрине, оның саны мектептің қорына байланысты. 

Облыс орталығы Шымкент аумағының көлемі артып, оған көршілес жатқан аудандардан белгілі бір бөліктің қосылуы қаладағы мектеп тапшылығын тудыруда. Осы мақсатпен қалалық білім бөліміне хабарластық. Білім бөлімі басшысының орынбасары Дина Агманованың айтуынша жаңа оқу жылында білім алатын шымкенттік оқушылар саны әлі белгісіз. Өйткені бала санын есептеу 5-10 қыркүйек аралығында жүргізілмек. Әзірге оқушыларды мектепке қабылдау жұмыстары жүріп жатыр екен.

Төребек ОЛЖАТАЙ, ОҚО білім басқармасының бөлім басшысы:

– Біз 789 білім ұясын ағымдағы жөндеуден өткізуді жоспарлағанбыз. Бүгінде меже орындалып, ол нысандар жаңа оқу жылына сақадай-сай. Ал күрделі жөндеуден өтіп жатқан 135 мектеп толығымен 1 қыркүйекте пайдалануға беріледі. Қазірдің өзінде ондағы құрылыстың 95 пайызы аяқталған.

Облыстағы 526 мектепте 1173 интерактивті тақта орнатылса, 671 лингафонды-мультимедиялық кабинет бар. Мектепте 467 кабинет физика, 262 кабинет химия, 352 кабинет биология пәніне қажетті жабдықтармен жабдықталған. Біздегі білім ұяларының барлығында, яғни, 1022 мектепте компьютер сыныптары бар. Сонымен қатар мектептер 100 пайызға ғаламтор желісіне қосылған. Осы ретте «ғаламтор оқушылар үшін қолжетімді ме?» деген сауал туындайды. Өйткені кей білім ұяларында «компьютер» деген аты болғанымен ғаламтор арқылы мәлімет алу мектеп жасындағылар үшін қиындық туғызып жүрген жайы бар. Әсіресе шалғай аймақтағы балалар үшін бұл жағдай таңсық емес. Айтпақшы, біздегі мәліметке сүйенсек, өңірдегі 118 мектеп білім берудің «онлайн» жүйесіне қосылған. Жаңа оқу жылында олардың саны тағы артпақ. Осы ретте айта кетейік, технологиялық қабілетті жоғарылату және ұстаз бен ата-ана арасындағы байланысты нығайту мақсатында қолданысқа енген бұл жүйе — заман ағымы.

34-004

Жаңа оқу жылы басталғанда кез келген ата-ананы оқулық мәселесі мазалайтыны жасырын емес. Басқармадағылардың мәліметінше, жаңа оқу жылында 3 және 10-сынып оқушылары 100 пайызға тегін оқулықпен қамтылады. 2-сынып оқушылары үшін шет тілі және 6-сынып балалары үшін информатика пәнінің оқулықтары жеткілікті. Айтпақшы, тек Оңтүстік емес, республикадағы оқушылар 21 баспадан шығатын кітаптарға енген білім бағдарламасы бойынша оқитын болады. Оны Білім және ғылым министрлігіндегілер бекіткен. Бұл туралы ата-аналарға жаңа оқу жылында толықтай ақпар берілмек. Ал қордағы оқулықтар алдымен әлеуметтік жағдайы төмен отбасыдан шыққан оқушыларға таратылады. Мұнан кейін барып өзге оқушыларға беріледі. Егер кітап жетіспеушілігі орын алса, кітаптарды ата-ана өз қаржысына сатып алуы тиіс. Бұл туралы жуырда Білім және ғылым министрлігіндегілер хабарлады.

 

34-002Оқушы мектеп формасын киюі қажет

Еліміздегі оқушылар бірыңғай мектеп формасын киюі керек. Бұл туралы еліміздің Білім және ғылым министрлігіндегілер хабарлады.

34-003

«ҚазАқпарат» агенттігінің ресми сауалына жауап берген ведомстводағылар бұл мәселе бұдан былай енді талқыға салынбайтынын да жеткізген. Себебі бірнеше жыл қатарынан ата-аналар арасында жүргізілген сауалнамаға қатысушылардың 80 пайызы мектеп формасының бірыңғай стандартына қарсы еместігін білдірген. Осы ретте айта кетейік, әр мектеп оқушы формасының үлгісін өздері әзірлейді екен. Тек мата санитарлық нормаларға сай болуы қажет.

Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ

«Оңтүстік Рабат», №34, 20.08.2014