Мектеп формасына қатысты талап өзгерді. Ата-аналар не дейді?

0

2023 жылдан бастап оқушылардың мектеп формасына өзгеріс енді. Атап айтқанда, қыздар еркін тігілген шалбар кисе, ұлдарға тенниска, тоқыма күрте, поло киюге рұқсат етілді. Одан бөлек жаңа бұйрықта мерекелік және діни киімдерге байланысты нақты шешім көрсетілген.

10-сынып оқушысы Айкен Болат осы оқу жылында №65 мектептің құқық және тәрбие фракциясының министрі атанған. Қазір ол білім ұясындағы оқушылардың формасына бақылау жасайды. Таңмен таласа мектепке келетін ол қыста шалбар киюге рұқсат бергені жақсы болды деп отыр. Аталған мектепте Айкенмен қатар оның 4 бауыры да білім алады. 10-сынып оқушысы олар да ыңғайлы әрі жылы киіммен жүретін болғанын айтады.

«Шалбарға рұқсат еткені бізге көптеген мүмкіндіктер берді. Нақтырақ айтқанда, күн суытқанда қыздар шалбар киіп, жылы жүре алады. Шалбарға рұқсат бергені дұрыс болған сынды, өйткені қыстың күні бізге белдемшемен жүру ыңғайсыз болатын. Менен бөлек сіңілім мен інілерім де осында оқиды. Әпкесі ретінде олардың мектеп формаларын қабағалап тұрамын»,-дейді 10-сынып оқушысы Айкен Болат.

Ал ата-аналар мектеп формасына енген өзгеріске қатысты әр түрлі пікірде. Бірі балаларға ыңғайлы болғаны дұрыс деп санаса, енді бірі қыздардың жүріс тұрысына әсер ететінін айтады.

«Меніңше дұрыс сияқты. Қыста қыздар жылы жүреді. Тек өздеріне ыңғайсыз болмаса игі еді…

Шалбар кигені жылы шығар. Бірақ жас қыздар белдемше киіп, өз нәзіктіктерін сақтаған жөн. Әйтпесе  шалбар киіп алып еркектер сияқты жүреді. Содан еркекшора болып барады. Оған қоса қыздар қоғамдық орындарда шашын жаймаса екен. Одан да әдемі етіп өріп, жинап жүргені керемет көрінер еді…

Қыста жұп-жұқа колготки кигеннен шалбары жақсы ғой. Жылы жүргені бізге жақсы»,- дейді ата-аналар.

Оқу-ағарту министрлігінің бұйрығына сәйкес мектеп формасына өзгеріс енді. 2023 жылдан бастап қыс мезгілінде білім ордасына қыздарға кең шалбармен келуіне рұқсат берді. Ал ұлдарға тоқылған поло жейде, тенниска, күртеше киюге болады. Білім басқармасы бұл ата-аналардың өтініші негізінде қолға алынғанын айтады.

«Бұйрыққа өзгерістер енгізілді. Шешімге сәйкес суық кездері тоқыма жилеттер, водолазка мен қатар тобықтан келетін шалбар киюге рұқсат етіліп жатыр. Бұл бізде қатты сезілмеуі мүмкін, солтүстіктегі оқушылар үшін маңызды болған сынды. Ана-аналардың, белсенді тұлғалардың қатысуымен осылай өзерістер енгізді»,-дейді Шымкент қаласы білім басқармасы оқу бөлімінің басшысы Естай Жақаев.

Айта кетейік, №бұйрықтың 10-шы тармағында «Ұлдардың мерекелік киімі күнделікті формаға қосымша ақ жейдеден, қыздар үшін ақ түсті блузкадан құралады дегінген» болатын. Алайда бұл тармақ жаңа шешім негізінде өз күшін жойды. Ал 13-шы тармақта мектеп формасына түрлі діни конфессияларға қатысты киім үлгісін қосуға болмайды деп көрсетілген.