1-қыркүйектен бастап «Нұрсәт» шағынауданында орналасқан облыстық балалар ауруханасына облыс деңгейіндегі үш медициналық мекеме көшеді. Бұл көшіп-қонулардың немен байланысты екенін Оңтүстік Қазақстан облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері Әнуарбек Маймақовтан сұрап білген едік.
— Оңтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұйрығы шықты. Бұйрыққа сәйкес, 1-қыркүйектен бастап облыстық балалар ауруханасына балалар кардиохирургиясы, эндокринологиясы және офтальмологиясы бөлімшелері көшеді, — дейді Әнуарбек Маймақов.
— Бұл не мақсатпен орындалып жатыр? Өйткені, бұрынғы жүйе бойынша ересектер ауруханасында балалар бөлімінің жұмыс істеуінде көптеген артықшылықтары бар еді. Бәрінен бұрын, онда кәсібилігі жоғары дәрігерлер болатын.
— Қазіргі бірігу — барлық мамандандырылған балаларды емдеу қызметін облыстық көпсалалы стационар деңгейіне жеткізіп, орталықтандыру үшін жүргізіліп отыр. Мұнда барлық мамандар, заманауи диагностикалық және зертханалық медициналық құрал-жабдықтар шоғырланған. Сәулелі және функционалды диагностика бөлімінің мамандары Мәскеудің, Санкт-Петербургтің, Минсктің алдыңғы қатарлы клиникаларында әзірліктен өтті. Диагностиканың барлық түрлерін жетік біледі. Диагностикалық тексерулер өткізгенде мәселе туындамайтын сеніммен айта аламын. Балаларды көз ауруханасына алып барып, кері қайта алып келіп жүретіндей жағдайлар болмайды. Барлық жәрдем облыстық балалар ауруханасында көрсетіледі.
— Әнуарбек Әбдібекұлы, облыстық балалар ауруханасының бүгінгі жайы қандай?
— Бұл — облыстың балаларына жоғары мамандандырылған және мамандандырылған жоспарлы хирургиялық, педиатриялық, реанимациялық жәрдем беретін көпсалалы стационар. Шұғыл қызмет түрлері де көрсетіледі. Сондай-ақ, емханада әр ауысымда 240 адам қаралып, кеңес беріледі.
Жаңа туған балалар хирургиясының аймақтық орталығы мәртебесін иемденген облыстық балалар ауруханасы төртінші жыл қатарынан Оңтүстік аймақтың балаларына жоғары мамандандырылған және мамандандырылған хирургиялық жәрдемін көрсетіп келеді. Тек біздің облыстың ғана емес, Қызылорда, Жамбыл облыстарынан келген балалардың туа бітті ақауларына ем-дом жасайды.
— Сырттан келгендердің тұрақтайтын жері бар ма?
Әрине. Аурханананың типтік, жаңа ғимараты 2011 жылы пайдалануға берілген. Барлық қажетті ота жасау залдары мен жан сақтау және интенсивті емдеу бөлімдері — ота жасауды өткізу, ота жасағаннан кейінгі бала күтімі стандарттарының талаптарына сай келеді.
— Сіз басқаратын аурухананың тағы бір ерекше мәртебесі бар емес пе?
— Біздің аурухана бүкіл аймақтық педиатриялық қызметтік бас орталығы ретінде үйлестіру қызметін атқарады. Біздің мамандар телемедицина байланысы бойынша, санитарлық авиация желісі арқылы сырттарға шығу бойынша кеңес беру-диагностикалық қызмет көрсетеді.
— Қазір өткізіліп жатқан орталықтандыру туралы шешімді қалай бағалайсыз?
— Көп салалы стационар базасында орталықтандырылған педиатриялық қызмет жүйесін құруды жөн деп ойлаймын. Қайталап айтамын, мұнда барлық мамандандырылған, зертханалық-диагностикалық қызмет шоғырланған.
— Мұнда көшу қалай жүргізіледі? Бұрынғы мамандандарды қалдырып кетпейсіздер ме?
— Барлық балалар мамандары, медбикелер, санитария жұмысшылары, балалар бөлімдеріндегі құрал-жабдықтар осында ауыстырылады.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=u0JIpmFSpI8[/youtube]
-Қай күні және қай сағат аралығында қабылдау жүргізіледі?
— 2014 жылдың 1-қыркүйегінен бастап эндокринология, офтальмология және кардиохирургия бөлімдері амбулаторлық ауруларды облыстық балалар ауруханасының кеңес беру-диагностикалық поликлиникасында сенбі және жексенбіден басқа күндері сағат 08:30-дан 17:30 аралығында қабылдайды. Біздің мекенжайымыз: Шымкент қаласы. «Нұрсәт» шағынауданы, Оңтүстік Қазақстан облыстық балалар ауруханасы.
Стационарлы емдеу бекітілген ережеге сай жүргізіледі: жоспарлы емдеу, ауруханаға жатқызу бюро порталы арқылы жүзеге асса, төтенше науқастар белгілеулер бойынша қабылданады.
— Анық-қанығын түсіндіргеніңіз үшін көп рахмет!