Оңтүстіктің дәрігерлері Алматының ақхалаттылары жасай алмаған отаны сәтті аяқтады

Кішкентай Еркебұланға ота жасады

Оңтүстік Қазақстанның нейрохирургтері өте сирек жасалатын ота жасады. Олар Алматының педиатрия институтының дәрігерлері кері қайтарған жаңа туылған шаранаға операция жасады. Қуанышты жағдаймен сондағы ақ халаттылар otyrar-tv.kz/kaz сайтының тілшісімен бөліскен еді.

Құралай Мұстафаева тұңғышын құлатып алмаудың амалын жасап, сәбиіне бәйек болып алған бұл күндері. Әйтпесе, жаңа өмір есігін ашқанына екі аптадан енді ғана асқан баланың тағдыры өлім мен өмірдің арасында екенінен дәрігерлердің өзі қауіптенетін.

«Тұңғышым өмірге келгенде, дәрігерлер баланы көрді де дереу оған ота жасау қажетін айтты. Бастапқыда отаны Алматыда жасайды деген соң, жолға дайындалғанбыз. Бірақ кейіннен оны Шымкентте жасайтын болып шешіпті. Әрине, өте қобалжыдым. Бірақ қазір бәрінің де сәтті аяқталғанына қуанамын. Дәрігер таяуда ауруханадан шығарамыз деген», – деп қуанады Құралай.

Әлбетте, сол уайымды күндердегі ұйқысыз түндер мен көз жасы тек Құралайдың өзіне ғана аян дүние ғой. Ананы ең тамаша күйге бөлеген сәт, ол дәрігерлің ота бөлмесінен шығып, тұңғышының өміріне енді қауіптің жоқтығын айтқаны еді.

«Менің балама ақ халатты абзал жандардың қалай бәйек болып жағдайын жасағанын көріп, бөбегімді әуелі Алла, сосын осы жандар құтқарады деп сендім»,-деп жымиып қояды Құралай қауіпті күндерді еске алып.

Кішкентай Еркебұланның анасы тыста осылай деп журналистермен сұқбаттасып жатқанда, бұзық балақай өзі жатқан палатын «әуенімен» шулатып жатқан еді. Ұлына жүгіріп барып, жұбату үшін тербетіп жатқан анасына дәрігерлер әзірге шарананы тербетуге болмайтынын айтып,  ескертіп жатты.

Облыстық балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Болат Нұсқабаевтың түсіндіруінше, республикалық педиатрия институты бөбекті бұл сырқаттан құтқара алмайтындарын, сондықтан тәуекелге бара алмайтындарын айтып, мойындаған. Содан соң, Оңтүстік Қазақстандағы облыстық аурухананың мамандары омыртқа ішіндегі жарыққа ота жасауға шешім қабылдап, тәуекелге бел байлаған. Қазір балақайдың ахуалы көңіл көншітерліктей.

«Алматыда балалар нейрохирургі жоқ. Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығы бойынша, және «Жол картасы» бағдарламасына сай, өткен жылдан бастап Оңтүстік өңірінің балаларына операция біздің аурухана жасайтын болған. Яғни, Жамбыл, Қызылорда мен ОҚО-ның балғындары бұл жұмыстарға қатыса алады деген сөз, – дейді облыстық балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Болат Нұсқабаев.

Сәтті шыққан осындай күрделі отаны дәрігерлер негізінен «ЖЕҢІС!» деп біледі. Мұндай жетістіктердің соңғы кездері көбейгенін айтып та біздің көңілімізді марқайтты. Мәселен, 2007 жылдан 2010 жылға дейін мұндай оперцияға ұшыраған баланың жартысына жуығы ғана әрмен қарай өмір сүріп кетсе, 2011 жылдан бастап бұл көрсеткіш 70 пайызға дейін жетіпті. Биыл 44 балаға ота жасалып, соның 37-сі сәтті шыққан.

«Мұндай жетістіктерге ұжым болып жұмыс істеуіміздің арқасында қол жеткізудеміз. Бұл әдісті біздер жақыннан бері ғана қолдана бастадық. Әрине, баланың өмірі үшін анестезиолог пен хирург, педиатр, тіпті медбике де жауапты болған жерде нәтиже жаман болуы мүмкін емес», – деп сенеді Болат Нұсқабаев.