Дәстүрлі өнерді жалғап келе жатқан санаулы жандардың бірі — Қажауова Қалима. 8 құрсақ көтеріп, 70 жасты таяған кейуана терме алашаны тоқудың қыр-сырын үйретуде. Тоқылатын алашаның ою-өрнегі мен оның түстері шебердің үнемі ойында жүреді. Бұл іс табандылық, логикалық, математикалық есеп пен асқан зеректілікті талап етеді. Әйтпесе, алашаның пішіні айнып кетеді дейді шебер.
Қалима Қажауова, қолөнер шебері: «Адамда ынта-жігер болуы керек. Төзімді болу керек. Онша-мұнша адам үстінде отыруға шыдай бермейді. Есептеп тоқисың.»
Бейнеленетін әрбір ою-өрнектің, олардың түстерінің символдық мәні бар. Киіз үйдің көркемдік бау, алаша сыңды керек-жарақтары терме тәсілінде тоқылады. Ұмыт болып бара жатқан дәстүрлі өнерді үйренушілер қазіргі тоқымадан ерекшелігі көп екенін айтады.
Күләш Айдарбекова, қолөнер шебері: «Көрген кезде қазақтың сондай бір байлығы екенін бірден сезесің. Бұл шеберлікті қайтып жаңғырту керек. Қазіргі жастарды үйрету керек деп ойлаймын.»
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=ROcIqfDnOYw[/youtube]
Мадина Бейісбекова, қолөнер шебері: «Бұл терме алаша тартылу жолынан ерекше екен. Тартылу жолы ақыл ой мен парасаттылықпен ойлап табылған. Терме алашаның гобеленнен тағы бір ерекшелігі, қазіргі гобелен тоқу әдісінде ұзақ тоқимыз. Әрбір жолын айқастырып отыру керек. Ал терме жолы оңай әрі өнімді екен. Сонысымен маған қатты ұнады.»
Қазақ қыздарының жастайынан меңгерген тоқыма өнері олар үшін тәрбиелік құрал да болған. Яғни шыдамдылық пен биязылық. Қазақ халқының қолөнер мәдениетінде терме алаша тоқу барысында өлең айтып, жұмыс істеу — қалыптасқан дәстүр. Өйткені жасалған жұмыста әсерлі күш болады деген түсінік бар.