Шымкент шаһарындағы қордаланған қоқыс мәселесінің күрмеуін шешу оңай болмай тұр. Бұған қалаға өткен ауылдардағы қоқысты тағы қосыңыз. Бір емес, бес полигонды меншіктеп алған жауаптылар оларды реттеу жұмыстарына кірісіп кетті. «Таза қала» мекемесінің мамандары қоқыс алаңшасының екеуін жауып, қайта қалпына келтіруді жоспарлап отыр.
Таяуда белгілі болғандай, үш қоқыс полигоны бірқатар ретке келтірілген. Оның ең үлкені аумағы 5 гектар жерді алып жатыр. Оған Мәртөбедегі 4 елдімекеннің қатты тұрмыстық қалдықтары жиналады. Мұнда тәуілігіне бар болғаны 4-5 көлік қана кіреді дейді диспетчер. Жиналған қоқыс тұтанып, өрт шықпас үшін апта сайын топырақпен жабылып отырады екен.
[youtube]http://youtu.be/1kiBTm4uhxU[/youtube]
Қызылсу мен Бадам-1 елді мекеніндегі қоқыс алаңшалары да ретеледі. Өтеміс пен Жұлдыз ауылындағы қоқыс алаңы мүлдем жабылады да жерді қайта құнарландыру жұмыстары жүргізіледі. Шаһар басшылығы Сайрам және Төлеби бағытында жаңа қоқыс полигоны мен оны өңдеу зауытын ашуды жоспарлауда.
[youtube]http://youtu.be/1mRDzlGPaBs[/youtube]
Әзірге шымкенттіктерден жиналатын қатты тұрмыстық қалдықтар қаланың батысындағы ескі қоқыс полигонына төгіліп жатыр. Егер Ақтас елдімекені маңындағы жаңа полигон іске қосылса, қоқыс толығымен сонда жөнелтіледі. Әзірге қоқыс алаңы мен зауыттың жұмысына қажетті 27 техниканың сегізі жеткізілген. Ол бюджет қаражатына алыныпты.