Шымкентте ардагерлерге арналған дабылды шақырту түймесі көпшілік назарына ұсынылды. Бұл құрал жалғызілікті, мүгедек, әлсіз және ауру қарттардың арасында өлім көрсеткішін азайтып, әлеуметтік қорғалмаған топтарға көмек беру мақсатында жасалған.
Шұғыл шақырту тетігінің концепциясы осыдан 30 жылдан астам уақыт бұрын таралған. Әсіресе Еуропа, АҚШ, Канадада кең қолданылады. Ресейде 2 жыл бұрын қолға алынған жоба Қазақстанға 2013 жылы жетті. Содан бері Алматы, Астана қалаларындағы 150-ден астам Ұлы Отан соғысы ардагердің үйіне орнатылып, өз жұмысын бастады. Осы аралықта дабыл пультіне 24 қоңырау келіп түссе, соның екеуінде өлім аузында жатқан ардагер құтқарылды.
Тетік қалай жұмыс істейді?
Электр құрылғының 2 түрі бар. Біріншісі үйге орнатылса, екіншісі кәдуілгі ұялы телефон түрінде. Жағдайы нашарлаған жан сол құрылғыдағы тетікті басса болғаны, автоматты түрде дабыл қағылып, орталықтағы операторларға шұғыл хабарлама келіп түседі. SOS дабылы қағылған сәтте көмек беру орталығы операторларының компьютерінде клиенттің денсаулығы, туған-туыстары, тіпті, көршілері туралы барлық ақпарат жазылған мәлімет пайда болады. Осы мәліметтерден хабардар болған оператор науқасқа көмек қолын созудың ең тиімді түрлерін қарастырады. Яғни жедел жәрдемге, туған-туыстарына, көршілеріне қоңырау шалып, науқасқа көмекке келеді.
Жоба авторы «Медтелеком» компаниясының директоры Ернар Нұрбековтың айтуынша, мұндай ауқымды жобаны іске асыру мемлекеттің қолдауын қажет етеді. АҚШ, Канада, Еуропа елдерін мысалға келтірген идея авторы дабыл қағу жүйесін пайдаланушылардың 25-тен 55 пайызына дейін мемлекет қаржыландыратынын тілге тиек етті.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=AsMqnOO_AGE[/youtube]
Айта кетейік, үйге орнатылатын құрылғының бір данасы — 30 мың, ал ұялы телефонның бағасы 20 мың теңге тұрады. Ай сайынғы төлемақысы 3000 теңге болып белгіленіп отыр. Осы ретте облыста жобаның жүзеге асырылуын облыстық кәсіпкерлер палатасы өз мойнына алып отыр. Олар облыс көлеміндегі 20, қаладағы 50 ҰОС ардагерін осындай құрылғылармен толыққанды қамтамасыз етеміз деп отыр.