Оңтүстікте ұлттар мен ұлыстардың дәстүрлері кең ауқымда дәріптелетін болды. Себебі облыстық әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы салынып бітті. Бүгінде мекеменің басшысы болып ақын Ақмарал Леубава тағайындалыпты. Жаңа нысан әзірге жұмысын бастаған жоқ.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=UlxxE4p0YfI[/youtube]
Облыстық әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының ауқымы кең залының бірі — кеңес залы. 110 адамға шақталған. Мұнда салт-жоралғылар таныстырылып, дәріптелетін болады. Әзірге жаңа нысанға жаңа жиһаздар жеткізіліп жатыр.
Жасұлан Жұрынбаев, учаске басшысының көмекшісі: «Ғимарат толықтай заманауи технологиямен жабдықталған, өрт-сөндіру технологиясы және бейнебақылау қондырғылары да орнатылды. Жарықтандыру толықтай жүргізілген, жылу жүйесі мен су барлығы тартылып қойды.»
Кеңес залынан бөлек мұнда салт-дәстүрге арналған екі көрме залы бар. Өзге бөлмелер зерттеу сыныптарына берілмек. Және мекеме қазақтың салт-жоралғысынан бөлек облысымыздағы 20 мәдени-ұлттық орталықтың ғұрпынан сыр шертер жәдігерлермен де жасақталады. Мәдениет басқармасы басшылығының сөзіне сенсек, мұнда дәстүрді көпке дәріптеу үшін 15 маман қызмет етеді.
Күлия Айдарбекова, облыстық мәдениет басқармасының басшысы: «Мекемедегі мамандар тал бесіктен жел бесікке дейінгі біздің әдет-ғұрыптарымызды, салт-дәстүрімізді зерттейді, зерделейді, оны насихаттайды, жинақтайды. Соған байланысты кітаптарымыз бар, деректеріміз бар, деректі фильмдер бар, қолдағы дүниелердің барлығы қазір жинақталып отыр.»
Бұл орталықта ғылыми зерттеу институты жұмыс жасайтын болады. Қазіргі кезде ккі қабатты ғимараттың құрылыс жұмыстары аяқталған. Тек ғимарат алдындағы абаттандыру шаруалары атқарылып жатыр. Сондықтан ұжымға нысанның кілті табысталатын күн алыс емес. Айта кетейік, бұл — ел аумағында ашылған дәстүрді дәріптейтін алғашқы орталық болып отыр.