«Ұмыт бола бастаған салт дәстүрімізді дәріптеуде орталығымыздың атқарып отырған жұмысы орасан»

877

«Жаңа күн» бағдарламасының кезекті қонағы облыстық Әдет ғұрып және салт дәстүр орталығының ғылыми қызметкері Тұратбек Мантаев:

– Орталықтарыңыз ұмыт қалып бара жатқан дәстүрімізді тірілтіп, дәріптеуде көптеген ауқымды жұмыстар атқаруда…
– Орталығымыздың басты мақсаты – ұмыт бола бастаған дәстүрлерімізді, ғұрыптарымызды жандандырып, қайтадан қолданысқа енгізу болып табылады. Бүгінгі күні орталығымыздың атқарып отырған шаруасы ауқымды. Құрылғанына үш жыл болғанымен өте көп іс шаралар ұйымдастырдық. Биыл Түркістан қаласында көрісу күніне байланысты «Наурыз айы болғанда…» атты іс шара ұйымдастырдық. Қолданыстан шыға бастаған салт дәстүрімізді жаңғырту, көнекөз қарияларымыздан ұмыт бола бастаған дәстүрлерді жинау, жаңғырту басты мақсатымыз болып табылады.
– Бүгінгі күні ежелгі салт дәстүрді насихаттау барысында халықтың ықыласы қалай?
– Амал мерекесі батыс өңірімізде көп тойланады ғой. Табиғи шарттарға да байланысты шығар деп ойлаймын. Өйткені Маңғыстау, Ақтау өңірлері орталықтан жырақта орналасқан. Қысы суық, табиғаты қаталдау болып саналады. Сондықтан да шығар ол жақта өте көп тойланады. Ұлттық салт дәстүрді дәріптеу барысында байқағанымыз халықтың ықыласы ерекше.
– Көрісу мейрамы неше күнге созыпады?
– Ресми түрде 14 наурыздан басталады. Жыл бойы қонаққа барып, туған туыстың хал жағдайын біліп, хал сұрасады. Туысқандар арасындағы көрісу мерекесі. Туысқандар арасында ынтымақты, бірлікті нығайтуға септеседі. Алыс жақта тұратын қыздар төркіндеп келгенде үлпершек, аш ішек, тоқ ішектен арнайы тағам дайындап береді екен. Ежелгі кезде жиі жиі төркіндеп келе алмаған ғой. Соған орай көрісу мейрамы тек 14 наурыз ғана емес, көктемнің барлық күнінде, сондай- ақ жыл бойы жалғасады.
– Түркістандағы шарадан кейін қандай іс шара ұйымдастырдыңыздар?
– 25 наурызда жастар арасында ұлттық ойындардан мерекелік іс шара ұйымдастырдық. Ұлттық құндылықтарды насихаттау мақсатында.
– Өткен жылды қалай қорытындыладыңыздар?
– Былтыр өте көп іс шара өткіздік. 13 ауданмен бірлесе отырып, қамтылды. Қыс мезгілінде өткізілетін дәстүрлер салбурын, қансонар, көктем мерекесінде ұлттық ойындардан іс шаралар ұйымдастырдық. «Келіндер сайысы», «Үкілі ару», «Қыз сыны» байқауын өткіздік. Жаз мезгілінде қымызмұрындық, күзде «Мизам – береке бастауы» атты іс шара өткіздік.
– Алдағы жоспарлаар қандай?
– Жақын арада «Келіндер сайысын» өткіземіз. Алда өте көп іс шара жоспарлары бар.