«Ұрын той» дәстүрі ұлықталды

1421

Бәйдібек ауданының өнерпаздары халқымыздың көне ұлттық ойындарын жаңғыртып, ел назарына ұсынды. Кезіндегі қазақ ауылының тұрмысын шынайы жеткізгісі келген жастар алдымен «қызды ауылға ұрын бару» салтын көрсетті.

Ұрын бару – күйеу жігіттің айттырылған қалыңдығымен танысу үшін қайын жұртына алғаш бару сапары. Қазақ халқында ұрын бару салтына орай жасалған думанды «ұрын той» деп атаған. Ал, бәйдібектіктер осынау халық санасынан жырақтап, ұмытыла бастаған дәстүр түрін ел есіне түсіріп, жас буынға насихаттауда.

Ұрын келген күйеу жігітті қайын жұрты ерекше ықыласпен қарсы алды. Ауыл ақсақалдары ақ дастархан басында жиналып, жастарға өз батасын берді. Осылайша ұрын той басталып кетті.

Гүлзина Шорабекова, Бәйдібек аудандық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі:  «Ұлттық құндылықтарымызды насихаттау әрбір қазақ баласының борышы. Әсіресе өнер саласының адамдары көпшілікке насихаттау жұмыстарын жиі жүргізу керек. Міне, біз де қолымыздан келгенше атсалысып жатырмыз. Жастар жағы ұлттық ойындарға ерекше қызығушылық танытты. Сол жағы бізге ұнады. Қазіргі жастар ұлттық құндылықтарымызды менсінбейді деп айтуға болмайды. Тек насихаттау жұмыстарын жүргізсе, халқымыздың ұлттық құндылықтары кез-келген адамның көңілінен шыға білетініне көзіміз жетіп жүр. Сондықтан да біз насихаттаудан жалықпаймыз».

Алтыбақанға жиналған жастар қазақ ауылының той тойлаудағы ерекшеліктерін көрсетті. Ұлттық ойындар ұйымдастырып, ұтылғандар өнерін ортаға салды. Атап айтсақ, қойшы мен қасқыр, жастық лақтыру, таяқ тастау және ақсүйек сынды ойын түрлерінің астарында жастарды береке-бірлікке шақырып, ұялшақ, ұяң азаматтардың ашылуына жол ашады. Сонымен қатар, екі жастың бір-біріне айта алмай жүрген сезімдерін білдіруге таптырмас мүмкіндік. Үлкендердің айтуынша, бұл ойын түрлері адамды шапшаңдықпен қатар, сергек болуға да баулиды.

Сәлкен Жақып, Төлеби ауданының тұрғыны: «Бүгін мына ұлттық құндылықтарымызды ұлықтаған керемет іс-шара өткізіліп жатыр. Қатысушылардың бойынан жасандылық көрмедім. Мен сол қуантты. Барлығы жаңағы ойындарымызды ойнау барысында қалай кірісіп кетті. Шынайы бәрі де. Осыған қуанып отырмын. Ұйымдастырушыларға мың алғыс».

Мадина Аяпбергенова Бәйдібек ауданының тұрғыны «Бұрындары жігіттер қыздың қолынан да ұстауға батпаған. Қыздар тек атастырылып, құдаласқан, болашақ жарымен ғана ойындарға бірге барған. Бірге ойнаған. Мына көріністер осының дәлелі болса керек. Жастар өте жақсы көрсетіп жатыр. Салт-дәстүріміздің болсын, ұлттық ойындарымыздың болсын тәрбиелік маңызы жоғары екендігін көрсетіп бақты».

Көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған өнерпаздарға келушілердің айтар алғысы шексіз. Облыстық Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының ұйымдастырумен өткізілген іс-шара мұнымен шектелмейді. Айта кетейік, жыл соңына дейін әр аудан- қалаларда қазақ елінің ұлттық құндылықтары насихатталып, ел назарына ұсынылады