Жаңа оқу жылы басталған соң балалардың жол бойындағы қозғалысы артып, мектеп оқушыларының қатысуымен орын алатын жол-көлік оқиғаларының да көбейе түсетіні жасырын емес. Осыған орай жол-көлік оқиғасының алдын алу мақсатында қолға алынған «Назар аударыңыз, балалар!» іс-шарасы тек жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуші мекемеде ғана емес, сонымен қатар барлық білім ұяларында да өтуге тиіс екені белгілі.
Себебі оқыту бағдарла-масында жаңа оқу жылының алғашқы аптасында жол ережесіне қатысты тәрбие сағаттары бекітілген. Онда дәл қандай әдістермен жол ережесі туралы мәлімет беріледі? Оған кімдер қатысады? Осы сұрақтарға жауап алу үшін Шымкент қаласындағы А.Байтұрсынов атындағы №50 мектеп-гимназия-сына арнайы бардық. Бірінші ауысымның сабақ уақыты бітеді-ау деген сәтке туралап мектеп ауласына жақындадық. Көзге бірден бірінің қолын бірі ұстаған бастауыш сынып оқушылары мен оларды жетектеген сынып жетекшілері түсті. Бұл аталған мектептің 4 «е» сынып оқушылары екен. Сынып жетекшісінің қасына жақындап, өзімізді таныстырып, жол ережесіне қатысты атқарылып жатқан шаралар туралы сұрай бастадық. Оқытушы Айгүл Умарова алдымен оқушыларды аялдамаға дейін жолдың қарсы бетіне өткізіп жіберіп, содан соң сұрағымызға жауап беруге келісті. Бұл мезетте біз қолымыздағы фотоқұрылғыға бір-екі көріністі түсіруге қамдандық.
Бастауыш сынып оқушы-ларынан сұрағанымызда қажет деген сұрақтарға мардымды жауап ала алдық. «Бағдаршамның қызыл түсі жанғанда тоқтау керек. Ал сары түсі жанғанда жүруге дайындаламыз. Жасыл түсі жанғанда жүруге болады. Жол бойында қарсы бетке өту үшін тек бойында ақ жолақты сызықтары бар жолмен жүру керек», – дейді оқушылар. Демек, мұндай тәрбие сағаттары оқушыларға өз пайдасын тигізіп те жатыр екен.
Түйін:
Біз бір ғана мектептің тіршілігімен таныстық. Облыс-та 1022 білім ұясы бар екенін ескерсек… Әрине, оның бәрін аралап шығу мүмкін емес. Бас-тысы, оқушыларымыздың жол ережесі тұрғысындағы сауаты болсын деп тілейік. Әйтпесе көбіне оқушылардың қатысуымен орын алған апаттың соңы қайғылы оқиғаға ұшырап жатады. Өз кезегінде жүргізушілер де көлікті басқарарда ережені есте сақтағаны абзал. Өйткені кейбір көше қиылыстарынан бала түгілі, ересек өзіміз әрең өтетін сәттер де кездеседі.
Жол көлік оқиғасының алдын алудың бірден бір жолы болып табылатын бұл тақырыпқа қайта оралатын боламыз. Айтар ұсыныстарыңыз болса, хабарласыңыз.
Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ
«Оңтүстік Рабат», №37, 10.09.2014