Шымкенттік полицейлер анасы мен баласын құтқарып қалды

Шымкентте 3 жасар ұлымен үйде қалған әйел газдан улана бастаған. Үйден шығуға әлі жетпеген тұрғын полицияға хабар берген. Оқиға орнына тәртіп сақшылары мен жедел жәрдем бригадасы дереу жеткен.

Полицейлер мен медицина қызметкерлері терезені сындырып, алдымен баланы сыртқа шығарған. Кейіннен есікті ашып, анасын сыртқа алып шыққан. Екеуіне де медициналық көмек көрсетілді. Мамандардың айтуынша, қазір олардың денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ.

«102 сымтетігіне шақырту түсті. Дер кезінде барғанымызда газға уланған азаматша мен кішкентай баласы анықталды. Содан терезесін бұзуға мәжбүр болдық. Терезесін бұзып, кішкентай баласын шығарып, жедел-жәрдемге жеткіздік. Терезе арқылы кіріп, есігін аштық. Азаматшаны шығарып, оны да жедел-жәрдемге жеткіздік»,- дейді Шымкент қаласы жол-патрульдік полиция қызметкері Талғат Ибраев.