Нұрбол Тілемесов «Болашақ»бағдарламасы бойынша іс-тәжірибеден өтуге Гармнияға аттанады. 30 жастағы маман шетелге барып, біліктілігін арттырып келу грантын жеңіп алған. Кентаудағы трансформатор зауытында жұмыс жасайтын ол неміс мекемесінде ақысыз тәжірибелік курстан өтіп, неміс әріптестерінен тәжірибе жинақтауға қараша айында аттанады.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=Xhs59zEHVO4[/youtube]
Нұрбол Тілемесов: «Германияға барып, тегін өндірістік-тәжірибеден өтеміз. Жастарға жасалған бұл жағдайды тиімді пайдалансақ, отандық кәсіпорындарды жандандыруға септігіміз тиеді. Олардың тәжірибесін өзімізде пайдаланып, мамандарымызға үйретсек, оңды нәтижелерге қол жеткіземіз.»
Оңтүстік Қазақстан облысының кәсіпкерлік палатасы ұйытқы болып отырған іс-тәжірибеден өту шарасының екінші іріктеу толқыны басталды. Өтініштер қазан айының 31-жұлдызына дейін қабалданады. Әзірге инженер-техникалық мамандықтар бойынша іріктеліп жатқан жас мамандардың шығынын «Болашақ» бағдарламасы өтейді. Жобаға қатысушыға қойылатын талаптар да қатаң.
Жас мамандардың «Болашақ» бағдарламасы бойынша ақысыз іс-тәжірибеден өтуінің алғашқы конкурстық іріктеуі тамыз айында өткен болатын. Бұл бастамаға көптеген мекемелер қызығушылық танытты. Облыс мекемелерінен көлік жасау және құрылыс материалдарын өндіру салалары бойынша байқауға қатысуға 32 өтініш қабылданды. Байқаудың нәтижесінде біздің өңірден 12 инженерлік-техникалық жұмысшылар «Болашақ» бағдарламасының шәкіртақы иегері атанды. Іс-тәжірибеден өтушілер тізімінде «Кентау трансформатор зауыты», «Стандарт цемент»,» Оңтүстік Қазақстан көлік жасау зауыты», «ҚазГеомаш» және «Арт-Құрылыс» компанияларының мамандары бар.
Байқаудан іріктеуден өткен қатысушылар Германиядағы алдыңғы қатарлы ірі неміс мекемелерінде ақысыз тәжірибелік курстардан өтіп, неміс әріптестерінен тәжірибе жинақтауға осы жылдың қараша айында аттанады.
Ал іс-тәжірибеден өтуге үміткерлерді іріктеудің екінші толқыны қыркүйектің бірінен басталды. Ол 31-қазан аралығына дейін жалғасады.
Үміткерлер үшін қойылатын талаптар: инженерлік-техникалық мамандықтар бойынша жоғары білімді, кем дегенде 3 жыл жұмыс өтілі бар, инженерлік-техникалық жұмысшы ретінде 1 жылдан кем емес жұмыс өтілі бар, орыс тілін еркін меңгерген, қазақ тілін меңгеру деңгейі жақсы болуы тиіс.
Қосымша ақпараттар алу үшін ОҚО кәсіпкерлер палатасына хабарласуға болады. Мекенжайы: Шымкент қаласы, Қонаев даңғылы №21, «Алтын орда» бизнес орталығы. 3-қабат, 310 кабинет.