«Болашақ» стипедиаттары қатарына тілшілер де қосылды

537
"Болашақ"бағдарламасындағы өзгерістер таныстырылды

Биылдан бастап «Болашақ» бағдарламасы аясында журналистер мен мәдениет қызметкерлері шетелде білімін жалғастыра алады. Олар да өзге мамандық иелере секілді әлемнің 33 елінің ең үздік деген 200 университетінде оқиды. Бүгін облыс әкімдігінде жас мемлекеттік қызметкерлерді жинаған білім және ғылым министрлігінің өкілдері «Болашақ» бағдарламасының жаңа талаптарымен таныстырды.

"Болашақ"бағдарламасындағы өзгерістер таныстырылды

«Болашақ» бағдарламасы бойынша оқимын дегендер үшін кейбір көрсеткіштер жеңілдетілгенмен, мемлекеттік тілді білу талабы қатаңдатылған. Емтиханда қазақ тілінен берілетін 150 сұрақтың кем дегенде 85-іне дұрыс жауап беру керек деп жүктеліпті. Биыл техникалық және медициналық мамандықтарға көбірек көңіл бөлініп отыр екен. Ең басты жаңалық – тілшілер мен мәдениет саласының қызметкерлері де болашақ бойынша шетелде білім алатын болды.

Ғани Нығметов, ҚР Білім және ғылым министрлігі «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ директоры: «99 мамандық бойынша оқуға түсуге болады. Соның ішінде 22-сі ғылыми мамандықтар, 35-і техникалық, медициналық мамандықтар. Біздің негізгі мақсатымыз – еліміздің даму бағдарламасын жүзеге асыра алатын білікті мамандар даярлау.»

Оңтүстік өңірі «Болашақ» бағдарламасына қатысуда шет қалып отырған жоқ. Қайта өзге өңірлерге қарағанда белсенді дейді «Болашақ» бағдарламасының басшысы. Бір Шымкенттің өзінде 40 түлек бар екен. Олардың басым бөлігі мемлекеттік басқару саласында қызмет етеді. Биыл да үміткерлердің үлесі басым көрінеді. Солардың бірі – Тассай ауылы әкімінің 24 жастағы орынбасары Ербол Жапишев.

Ербол Жапишев, Тассай ауылы әкімінің орынбасары: «Осы бағдарлама бойынша дайындалып жүргеніме екі жыл болды.  Еңбек өтілім жетпей келді. Биыл түсемін. Биыл талаптар алдыңғы жылға қарағанда жеңілдетілген. Дипломның орта балы 4,5 балдан 4 балға түскен. Ол барлық мемлекеттік қызметшілерге оңай болады.»

Бағдарлама шеңберінде 10 мыңнан аса стипендия тағайындалған. Қазіргі таңда 2 мыңдай стипендиат білім алуда. Биыл 1100 студентке мемлекет тарапынан қаржы қаралып отыр. Айта өтейік, «Болашақ» бағдарламасы негізінде білім алушы бір студентке ел қазынасына 7 миллион теңге бөлінеді. Үміткерлердің құжатын қабылдау наурыздың үшінен басталып, 31-қазанға дейінгі аралықта жүргізіледі. Жас бойынша шектеу жоқ дейді түсіндіру тобы.