«IT-жастарды қолдау керек»

356
дөңгелек үстел басында
Дөңгелек үстел басында

«Көптеген партия қызметкерлері Елбасымыздың жолдаулары мен мақалаларын оқымайды, бірақ мінбеден жылтыр сөздермен сайрайды. Мұны тоқтататын кез келді, ол сендердің қолдарыңда, Жастар!». Шындықты дөп айтқан кім дейсіздер ғой, ол Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі – Жансейіт Түймебаев. Бұл «Жас Отан» Жастар қанатының ІV Съезі аясында «Жастар Отанға!» саяси лагеріне арнайы қатысу үшін келген көшбасшы жастармен өткен дөңгелек үстел басында айтылды.

«Қазіргі жастар өте бақытты. Себебі, тәуелсіз елде өмір сүруде»,- деп бастады өз сөзін Ж.Түймебаев.
«Тәуелсіздіктің арқасында жастарымыз көптеген құндылықтарға ие. Мысалы, біз басқа саяси жүйеде тәрбиелендік. Көп мәселелер Орталыққа (Мәскеуге) қарап шешілетін. Кеңес Одағы кезіндегі қазақ жастарының бойында басқа , «не болса да, халықпен бірге көреміз» деген менталитет қалыптасты. Ал қазір Елбасымыздың жастарға деген қамқорлық саясатының негізінде бүгінгі жастарымыз ондай көзқарастан айырылды. Бүгінгі жастарымыз алғыр, келешекке үлкен үмітпен қарайды», – деді әкім.


Әкімнен соң сөз алған Данияр Сүндетбаев ауқымды шараны не үшін оңтүстікте өткізуді ұйғарғанын түсіндіріп өтті. «Оңтүстік – жастарға жанашыр өңір, ұшқыр ойлы жастардың ордасы. Елбасының жолдауында айтылған құндылықтардың барлығын осы жерден табуға болады, оның үстіне ең көп жас та оңтүстікте. Киелі мекеннің қаймағы бұзылмаған, ал бұндай жерді басқа аймақтың жастары көру керек деп шештік»- деп өз ойын жеткізді.

Көшбасшылардың басын қосқан кездесуде жастар облыс әкіміне өздерінің көкейінде жүрген ұсыныстарын жеткізді. «Болашақ» бағдарламалар қауымдастығының мүшесі Данат Жуминнің айтуынша, алдағы 15-20 жылда қазіргі өндірістегі мамандықтар керек болмай қалады. Оларды компьютер, сервис, IT алмастырады екен. Сондықтан осы мамандықтарға қызығушылығы бар жастарды қолдап, олардың таланттарын ұштайтын компьютерленген орын ашсақ, жаман болмас едік», -деп ұсынысын жолдады. Ал Жансейіт Қансейітұлы болса: «Қолдаймын. Ақпараттық технологиялардың заманы. Ондай орын жоқ емес бар. Жастар ресурстық орталығын ашып, ішінде қаншама мамандарды отырғызып қойдық. Барлық жағдай жасалған, қаржы бөлініп жатыр. Оны ашып, бағыт беру біздің міндет, ал оны әрі қарай дұрыс пайдалану сіздің міндет. Келсін, таланттарын ұштасын», -деген тұщымды жауабын берді. Үстел басында бұдан да басқа ұшқыр ойлар мен мәселелер айтылды.

Иә, келесі күні жұмыстың әлегімен әупірімдеп жүріп, әйтеуір «Табиғаты көркем Төлеби ауданы» деп жырлап, «Алма-тау» демалыс аймағына саяси лагерьге табан тіредік. Аталған жастар саяси лагері Елбасының тапсырмасымен Қазақстанның бүкіл облыстарынан келген креатив жастардың басын қосады. Бұл жолы 120 жас жиналыпты. Мұнда олар демалып қана қоймай, тәжірибе алмасып, жас буынның саяси сауаттылығын арттырып, патриоттық рухын ұлықтайтын жоба өзекті мәселелерді, жастар проблемасын шешуге мүдделі.


Лагерьде әрбір жастың уақытын тиімді өткізуі үшін әр минут бағдарланып, кесте құрылған екен. Соның ішінде қоғам белсенділерінің тренингтері де бар. Біз саясаттанушы Айдос Сарымның тренингіне замандастарыммен бірге қатысып тыңдап көрдік. Қоғам қайраткері әңгімесінің тақырыбын «ҚР сыртқы және ішкі саясатының негізгі бағыттары» деп алыпты. Бірінші секундтарда-ақ әңгімесімен аудиторияны өзінің аузына қаратқан саясаттануша, елдің экономикасын дамыту, елде болып жатқан күйзелістер арқылы серпіліс жасау сынды мәселелерге тоқталды. Ал белгілі тележурналист Асхат Садырбай замандастарымның әлсіз жерін біледі. Ол әрине – әлеуметтік желілер. Қазір телефон ұстамайтын, желіде ортырмайтын жас жоқ. Міне, ең қымбат уақытымызды «ұрлайтын» әлеуметтік желілерді дұрыс пайдалану арқылы өзіңді дамыту, өзгені таныту жолдары туралы тренинг өткізді. Бұдан бөлек, басқа да спикерлер көкей кернеген тақырыптарында әңгіме өрбітті.

Ал кешкі уақытта жастар бір-бірімен жақын танысу үшін көңілді кештер мен, топ-топпен қатысатын байқаулар да ұйымдастырушылар ұмыт қалдырмапты.