«Сарыағаш санаториясы» деп сабылып келіп жатқан демалушы қонақтар сенбі, жексенбі күндері шипажайы керемет екен, аудан орталығы қандай екен? – деп Сарыағаш қаласына ат басын бұрып, базары мен басқасын тамашалайтыны бар. Қала орталығындағы заманауи «Алып» базарын көріп тамсанса, басқа базарларға бас сұққандарының реңдері өзгеріп, қайтуға асығатынын қайтесің. Ал, «Жеңіс» саябағына барғандары Ұлы Отан соғысы жауынгерлері аллеясына бас иіп, тағзым жасап, ерліктерін еске түсіріп, ескерткіштің артын айнала бере естерін жоғалтатыны ақиқат.
Саябақ, саябақ болғалы егілген, құшағың жетпейтін бұталмаған, қураған ағаштар. Рамадан арығынан беймезгіл ағып жатқан есіл су, осыдан үш-төрт жыл бұрын істеп тұрған балалар мінетін аттракционның темірлері тот басып, онсыз да сұрқы қашып тұрған саябақты сұрықсыз етіп, көрген адамның көңіліп күпті етуде. Одан қалса аядай жерге алты тақта орнатып, ауданның құрметті азаматтарының аты-жөні жазылған. «Ауданның құрметті азаматтарының» аты-жөнін қытайдың арзымас арзан бояуларымен жазған ба, әйтеуір көпке шыдас бермей, бір тақтада мүлдем құрметті азаматтардың есімдері өшіп кетсе, екіншісінде жартылай жоқтың қасы.
Сол саябақ маңындағы отыратын орындықтар тәуелсіздікке тәубе дегелі 23 жылдың ішінде ауыстырылмаған. ХХ ғасырдан қалған ескерткіш сияқты. Рамадан арығы жақтан кіретін жөні түзу жол да жоқ. Саябаққа еріксіз саялайтындар газ трубадан секіріп, бірі биіктеу цемент тастан қарғып түсіп жатқанының куәсі боласыз. Таң атқаннан күн батқанға дейін осы саябаққа бақылау жасасаңыз қаншама қызықты көзбен көріп, «Сұрықсыз саябақтағы сергелдең» деген тақырыпта хикая жазуыңыз бек мүмкін.
Аты дардай аудандағы 4 саябақтың аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарайтындығын білдік. Бөлім қожайыны Әбіләзім Жаншуақов айында болмаса да тоқсанында бір рет осы саябаққа бас сұғып, тыныс-тіршілігімен таныспайды-ау деген ой түйесіз. Әйтпесе бөлім қарамағындағы мемлекеттік мекеме тапсырмалар беріп, аядай саябақты талапқа сай етуге уақыты жоқ па? Осы саябақ туралы аудан айнасы «Сарыағаш» газеті редакторының орынбасары ақын-журналист Мұрат Бекей мырза шырылдап қаншама рет жазды. Селт еткен шенеунікті көрмедік. «Баяғы жартас, сол жартас». Мемлекеттің қазынасынан қаржы жұмсап, «Орталық саябақ» мемлекеттік мекемесін ұстағанша «көзі ашық, көкірегі ояу» қалталы кәсіпкерге сол саябақты ұзақ жылға жалға беру керек немесе аукцион арқылы сату ләзім. Сонда ғана Сарыағаш қаласының саябағының бағы жанданатын шығар.
Сондай-ақ, аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінен алынған мәліметтерге зер салсақ, осы біз тілге тиек етіп отырған орталық саябақты қайта құрып жаңартуға осы жылы жобалық-сметалық құжаттамаларын әзірлеп, мемлекеттік сараптамадан өткізуге алдағы 2015-2016 жылдардың құрылыс нысандарына қосу үшін (ЖСҚ) дайындауға 2 миллион 595 мың қаржы қарастырып отырғанға ұқсайды. Осыншама қаржыға қалаға кіре берістегі бұрынғы атшабар (ипподром) орнына жаңа саябақтың жобалық-сметалық жобасын неге жасамасқа?! Әй, бірақ «қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарса» демекші, біз айтты екен деп ескере салатын есті ғұламалар қайда?!…
Қалай десек те, қай жағынан алып қарасақ та 310 мыңнан астам халқы бар Сарыағаш деген атына сай даңқы бар аудан орталығында оңды бір саябақ жоқ десек, біреу сенер, біреу сенбес.
Нартай Қараманұлы
«Оңтүстік Рабат», №35, 27.08.2014