Сарыағаш қаласындағы электр желілері жаңартылуда

625
Сарыағаш қаласындағы электр желілері жаңартылуда

Сарыағаш қаласындағы электр желілерінің тең жартысы биыл толықтай жаңартылады. Бұл ауқымды шаруа «Оңтүстік Жарық Транзит» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің инвестициялық бағдарламасы аясында мүмкін болып отыр. Қазір қолға алынған тірліктің 70 пайызы тындырылып қойыпты. Мұндай жұмыс тек қала аумағында ғана емес, аудан төңірегінде де атқарылып жатыр.

Сарыағаштағы тұрғындардың тығыз қоныстанған тұрағы – Түркістан учаскесі. Мұнда энергетиктер арнайы оқшауланған жаңа желілерді тартып жатыр. Ол электр қуатының сөніп қалмауына септігін тигізіп, қауіпсіздікті арттырады.

Ұзындығы 12 шақырымдық сымды тарту үшін 450-ден астам темір бетонды бағана орнатылған. Енді 650 абонент алаңсыз күн кешеміз деп отыр.

Ал аудан аумағында атқарылып жатқан шаруа бұдан да ауқымды. Энергетиктер 34 шақырымды құрайтын кернеуі әр түрлі әуе желілерін тартып жатыр. Бұл үшін 1100-ге жуық бағана тартып қойған. Оған қоса, 5 трансформаторды толықтай жаңартып қойды. Ал 1 қосалқы станцияның қуаттылығы 2500-ден 4 мың кВа-ға арттырды.

Келес ауылды округінде де келелі тірліктер көп. Бүгіннің өзінде 31 шақырым желі жаңартылып бітті. Оның 17 шақырымы арнайы оқшауланған желі. Бұған қоса 9 трансформатор ауыстырылмақ. Осылайша Сарыағаштағы салмағы басым бұл тірліктер алдағы қыркүйек айында тәмамдалмақ. Аудандағы қалың қауым қауіпсіздік пен сапаның арта түсетініне сенімді.

Мақсат Жақсыбаев