Облыстық опера және балет театрының ұжымы жетінші маусымын ашып, жұмысқа кірісті. Өнер ұжымы жаңа маусымды Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсымен бастады. Бірақ танымал дастанның оқиға желісі әдеттегідей қайғылы таргедиялық жағдаймен тәмамдалған жоқ. Қойылым бұл жолы Жібек тұрмысқа шығып, мерекелік той-думанға ұласуымен ерекшеленді.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=GSWPke1QM2M[/youtube]
Бұла боп өскен ерке, өр мінезді, ақылына көркі сай Қыз Жібекті сомдау бүгін жас әртіс Жұлдыз Мұсаеваға жүктелген. Қойылымда өнер иесі тек сөзбен ғана емес, операда ән салып, көрерменге ширек ғасырдың сырын жеткізуі тиіс. Театрдағы тәжірибесіне небәрі жылдан асқан бойжекеннің бұл — алғашқы басты рөлі. Бірақ Жұлдызға қазақ әйелінің асыл қасиеттері бойынан табылған кейіпкерді халыққа көрсету қиынға соққан жоқ.
Жұлдыз Мұсаева, облыстық опера және балет театрының әртісі: «Үлкен қобалжу, қуаныш, қорқынышты сезіндім. Себебі Жібектің рөлін сомдау мен үшін күтпеген сый. Бірақ көпшілік «Қыз Жібек» фильмінен көріп те жүрген болар. Жібек тік мінезді ару, сол мізезі менің бойымда бар. Сондықтан қазақ қызының рөлін ойнау мен үшін аса қиындық тудырған жоқ.»
Танымал дастан Ғ.Мүсіреповтың либреттосын тоғыстыра отырып жасалған. Ең алғаш туынды Оңтүстік сахнасында 2010 жылы қойылды. Бірақ бұл спектакль бүгінде республикалық театрларла ұсынылып жүрген «Қыз Жібек» операларынан мүлдем бөлек. Яғни, бұл нұсқада Жібектің оқиғасы трагедиямен аяқталмай, керісінше, соңғы көрініс ұлан-асыр тойға ұласады.
Халипа Нұрқожаева, көрермен: «Жас әртістерге риза болдым, қобалжуды сезінсе де өз рөлдерін керемет алып шықты. Тіпті тамашалап отырып, сол заманға өзім еніп кеткендей әсер алдым. Бәрекелді! Қадамдарына нұр жаусын! Қыз Жібекті ойнаған бойжеткен де жарады, әнді тамаша орындады. Жүректен шыққан дүние жүрекке жетті. Сондықтан өнер ұжымына шығармашылық табыс тілеймін.»
Ғашығы Төлеген Бекежанның қолынан мерт болғасын жесір қалған Жібек 8 жыл аза тұтады. Соңынан әмеңгерлік жолмен Төлегеннің інісі Сансызбайға тұрмысқа шығып, операның соңы мерекеге жалғасты. Ал қойылымды тамашалауға келген көпшілік спектакль Жібектің бақытты ғұмыр кешуімен тәмамдалғанына разы болып тарасты.