Қаламыздағы орталық және «Жеңіс» саябақтарына жиналған жамағат жанұя мерекесін айрықша атап өтті. Әкімдік тарапы көпке үлгі болып, тату-тәтті ғұмыр кешіп жүрген ерлі-зайыптыларды алғыс хатпен марапаттауды ұмыт қалдырмады.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=Rdt00woLbMs[/youtube]
Әсем ән мен тәтті күй, мерекелік ақ тілек, құттықтаулар. Мұның барлығы да Шымқаладағы мерекеде орын алды. Отбасы мерекесін жерлестерімз арқа-жарқа тойлады. Таң рауандап атысымен-ақ көпшілік орталық саябаққа ағылды.
Жанар Тойлыбаева, қала тұрғыны: «Бүгін бала-шағаммен келіп, мерекені тойлап жатырмыз. Мен өзімді бақытты әйелмін деп санаймын, балаларым алдымда. Өзгелерге де осындай бақытты тілеймін, әрдайым аспанымыз ашық болып, баршамыз бейбіт күнде өмір сүрейік.»
Көпке үлгі болып, тату-тәтті ғұмыр кешіп жүрген ерлі-зайыптылар да ескерусіз қалмады. Мерекеде оларды Әл Фараби ауданы әкімдігі арнайы алғыс хатпен марапаттады. «Үздік отбасы», «Мұғалімдер отбасы», «Дәрігерлер жанұясы» сынды номинацияның иегерлері бағалы сыйлықтарға ие болды. Ал «Спортшылар отбасы» марапаты шаңырақ көтергеніне 2 жылдан асқан Еркебаевтарға берілді.
Айгүл Әйтенова: «Бүгін бізді шақырып, құттықтап жатыр. Рахмет, өте қуаныштымыз. Мен жеңіл атлетика бойынша әлемдік дейгейдегі спортшымын, ал күйеуім спорттың самбо түрімен айналысады. Сондықтан үздік отбаслардың қатарына қосыпты бізді. Алдағы уақытта да біздің еліміздің спорт саласына өзіміздің үлесімізді қоса береміз деген ниеттеміз.»
Бақытжан Еркебаев: «Қазір бір баланың әкесімін, шүкір. Өзге де жанұяларға бала бақытын тілеймін. Бізге қарап, бақытты жанұялардың қатарын толықтыратын жастар көп болсын!»
Мерекелік марапаттау шарасы «Жеңіс» саябағында жалғасты. Еңбекші ауданы әкімдігі жыл бойы белсенділік танытқан, көпшілік қызыға қарайын жанұяларды құттықтады. Осындай құрмет-ықыласқа бөленгендер арасында отандасқанына жарты ғасыр толған Қасымовтар отбасы да бар.
Халипа Қасымова: «Бүгінде 6 бала, 20 немереміз бар. Құдай қаласа, шөбере сүйеміз деген ниеттеміз. Бүгінге дейін отағасы екеуміз шәй деспей өмір сүрдік. Көршілеріміз бізге қызыға да, қызғана қарайды. Осындай бақытты өмір баршаға жұғысты болсын!»
Отбасы мерекесі Шымқалада осылай ауқымы кең концерттік бағдарламалардың өтуімен ерекшеленді. Айта кетейік, соңғы 8 айдың ішінде Оңтүстік Қазақстан облысында 12 960 отбасы заңды некесін қидырған.