Орталық саябақта суретшілер бұрышы ашылды

30

Қала күніне орай Шымкенттегі орталық саябақта Суретшілер Одағының бұрышы ашылды. Аталған бұрыш Қазақстан Суретшілер Одағының 90 жылдық мерейтойына байланысты бой көтерді. Мұнда енді шымкенттік суретшілер өз еңбегін халық назарына ұсынатын болады.

Суретшілер қауымын 90 жылдық мерейтойымен қала әкімі Мұрат Әйтенов арнайы құттықтап келді. Бұл ретте Суретшілер Одағы қала әкіміне жылы лебізін білдіріп, естелікке тағылымға толы картиналар мен кітап сыйлады. Шымкенттегі ең алғашқы суретшілер бұрышының ашылуы барлық бейнелеу өнері мамандарын ерекше қуантты.

Абдумуталип Ахметов, Шымкент қалалық суретшілер одағы филиалының төрағасы: «Шымкент қаласының логотипі бар, сіздің арқаңызда осындай керемет туынды болған соң, рахмет. Өте әдемі. Ұлы керемет атақты таэквондист суретші бүкіл әлемге танымал Бексейіт Түлкиев ағамыздың дүниеден өтсе де еңбектері қалып кетті. Сыйға тартып отырмыз «Ұлы көш» деген».

Қазір Шымкенттің Суретшілер Одағында 30-дан астам қылқалам шебері бар. Солардың бірі – Сәуле Ахметова. 40 жылдан бері бейнелеу өнері саласында еңбек етіп жүрген талантты суретші, қазақтың салт-дәстүрінен сыр шертетін бейнелер суреттелген ою-өрнек, яғни, қолдан текемет басады. Осындай тақырыптық мазмұны терең туындыларының бірін бүгінгі мерекеге арнайы әкеліпті.

Сәуле Ахметова, Суретшілер Одағының мүшесі: «Қала күніне арнап Шымкент халқының көрермендері тамашаласын деп осындай жұмыстарымызды қойып отырмыз. Бізде халықаралық, бүкілодақтық көремелерге қатысамыз. Сол жерлерде ұнаған адамдар алып жатады. Инемен құдық қазғандай көз майын тауысып, көп уақыт алады оны жасап шығу үшін».

Абдумуталип Ахметов, Шымкент қалалық суретшілер одағы филиалының төрағасы: «Мұның бәрі халық үшін істелген дүние. Халықтар осыны көрсін деп, мәдениетіміз жоғары болсын деп жасадық. 2018 жылы 20 суретші болса, қазір 30-дан астам суретшілер бізге қатарымызға қосылып жатыр. Қазір тек қана Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі емес, қарапайым өзім сурет саламын деген азаматтарды қабылдап жатырмыз».

Қала күнінде ашылған суретшілер бұрышында қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі, өткен тарихы мен өзге де тақырыптағы шығармалары сатылымда тұр. Айта кетейік, мұндағы әрбір тауар автордың өзі белгілеген бағада сатылады.