Облыстық әзіл-ысқақ және сатира театры Ж.Аймауытовтың «Сылаң қыз» пьесасын заманауи үлгіде сахналады. Ұжым осылайша бұл спектакльмен биылғы маусымның шымылдығын түріп отыр.
Қойылымда жарамазанның да жаңалаған үлгісі айтылды. Әзілмен астарланған жыр шуақтары комедиялық қойылымның ажарын аша түсті. Мұны көрермен жатсынбай қабылдап отыр. Комедияда салық жинаушы Жабағының жалғыз қызы Бәтимаға көз салған жігіттердің әлегі көрініс тапқан. Басты рөлдегі «Сылаң қызды», яғни, Бәтиманы театрдың белді әртісі Мөлдір Мұратбекова сомдады.
Жаңа үлгідегі еңбектің қоюшы-режиссері — Самат Алтаев. Режиссердің айтуынша, шығарма қоғам, яғни, жастардың сұранысына ие болуы үшін өзгеріске ұшырады.
Самат Алтаев, «Сылаң қыз» спектаклінің қоюшы-режиссері: «Автордың идеясын жоғалтпай, оны басқаша, көркемдік тұрғыда жеткізуді ғана ойлаймыз. Негізінде шығармада 3 кейіпкердің бірін ақын, екіншісін мұғалім, үшішісін кәдімгі қызметкер болып жазған болатын. Ал біз ондағы 3 жігітте де қарапайым жігіт емес, қоғамның үш өкілі ретінде шығардық. Бірі — ақ патшаның кезіндегі офицер, екіншісі — Еуропадан білім алып келген жігіт, ал үшіншісі — қызыл әскери».
Еңбеккте аласапыран жылдардағы қазақ ауылының тыныс-тіршілігі, ел тарихындағы өзгерістер, халықтың әлеуметтік жағдайы мен өмір шындығы баяндалады. Мұның заманауи комедиялық үлгісін көрген көпшілік күлкіге қарқ болды.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=2r9u_mHRajw[/youtube]
Марат Ұласбеков, көрермен: «Өте керемет қойылым, шынымды айтсам, алғашында қойылымды тамашлауға жүрексіндім, қорықтым да. Себебі Ж.Аймауытовтың «Сылаң қызы» бүгінгі ғасырға қалай келеді деп ойладым. Байқасам, керемет шыққан. Қайта осы заманауи үлгісін тамашалаған жастар түсінеді. Жастарға жастардың тілімен көрсеткен дұрыс. Сонда олар қоғамның айтпақ ойын ұғады деп олаймын. Театр ұжымына айтар алғысым шексіз».
Комедиялық спектакль Бәтиманың нұрлы жанары мен тұнық көңіліне, шынайы сезіміне лайық ханзадасын кезіктіруімен тәмамдалады. Қос ғашық еркіндік пен теңдікке қол жеткізеді.