Қыркүйек айының 10-14 жұлдызы аралығында Қырғызстанның Шолпан-Ата жерінде I Дүниежүзілік көшпенділер ойыны өтті. Осы дүбірлі додада Қазақстан құрамасы жалпы командалық есепте екінші орын алған болатын. Ел құрамасы сапындағы Оңтүстік Қазақстан облысының спортшылары аударыспақтан, қазақ күресінен, тоғызқұмалақтан және асық атудан қатысты.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=dLzGOpz6_jM[/youtube]
Аударыспақтан 80 келі салмақта жерлесіміз Түймебек Жұмалиев ІІІ-ші орын алды. Тоғызқұмалақтан Әсел Далиева да екіншіге тұрақтады. Тоғызқұмалақтан жалпыкомандалық есепте Қазақстанның қыздар және ерлер құрамасы бірінші орынға көтерілді.
Әсел Далиеваның айтуынша, тоғызқұмалақтан негізгі қарсылас қырғыздар болыпты. Қырғыздармен арадағы ойындар өте тартысты болған.
Дүниежүзілік көшпенділер ойынының басты жаңалығы – жамбы атудан көрсетілімдік ойындардың өтуі еді. Түркия құрамасының спортшылары осы жамбы атуда жарыстан тыс көрсетілімдер көрсетті.
Ғани Ахметбаев, «Ұлттық спорт түрлерінен балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған спорт мектебі» мемлекеттік мекемесінің директоры:
– Жамбы ату – Моңғолияда өте жақсы дамыған. Біздің елге де сол Моңғолиядан мамандар шақыртылып, Қазақстанның түкпір-түкпірінен спортшыларды жинап, жамбы атуға дайындықтар жүргізілуде. Өйткені жамбы ату спортын әлем мойындаған. Мұның алдында Түркияда өткен Ұлттық спорт ойындарының көрсетілімі кезінде 18 мемлекеттің спортшылары садақ атып, өнерін көрсеткен болатын. Жамбы атудың болашағы алда.
Жамбы ату – жігіттің мергендігін сынға салатын дәстүрлі ойын түрі. Бұл ойында жігіт ат үстінде екпіндете шауып келе жатып, шабыс қарқынын бәсеңдетпестен қолындағы садағымен нысананы көздейді. Нысана бақан үстіне орнатылады. Нысана орнына алтын, күміс және тағы да басқа бағалы құнды заттар қойылған. Нысанаға қойылған бағалы зат кім көздеп, дәл тигізсе, соған бұйырған. Жамбы атудың өзі әуел баста мергендікті шыңдау үшін пайда болған деседі. Жаугершілік заманда ғұмыры ат үстінде өткен көшпенді халық үшін мергендердің рөлі жоғары болған. Ел арасындағы құралайды көзге атқан сұрмергендерді табу үшін де жамбы ату жиі-жиі ұйымдастырылып отырған.
Мінеки, қазақта көнеден бері бар бұл ойын енді-енді мемлекет тарапынан қолдау тауып, қолға алына бастады. Бүгінде әлем мойындаған жамбы ату ойыны келесі жылдан бастап ел чемпионатына арнайы енгізілуі де әбден мүмкін болып отыр.
Халықтық ойын жамбы атудың спорт түрі ретінде бейімделген нұсқасында нысана ретінде бағалы бұйым пайданылмайды. Ұпай көрсеткіштері жазылған тақта қолданылады.
Әсел Далиева, I Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының тоғызқұмалақтан күміс жүлде иегері:
– Халықаралық тоғызқұмалақ федерациясы тарапынан бекітілген арнайы тоғызқұмалақ ойынының ережелері бар. Бірақ, Қырғызстанда өткен I Дүниежүзілік көшпенділер ойынында тақта ерекше болды. Тоғызқұмалақ тастары да жаңғақтан жасалған. Тақта қара түсті болғандықтан, тастары жаңғақтан жасалғандықтан алғашында көзіміз үйренбеді. Бірақ, кейіннен көзіміз бен қолымызды қайта-қайта жаттықтырып, жеңіске жеттік.
Жамбы атуда негізгі құрал – садақ. Ғани Ахметбаев басшылық ететін ОҚО Ұлттық спорт түрлері мектебінің еншісінде екі моңғол садағы бар. Бұл садақты Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы берген. Бұл садақтар Моңғолияда тапсырыспен жасалып, Қазақстанға әкелінген. Өйткені, өз елімізде садақ жасайтын ешқандай мекеме жоқ.
Аталмыш мектепте жамбы атудан төрт спортшы жаттығып жатыр. Жылдың соңында Жамбыл облысының Мерке ауданында арнайы турнир өтеді. Спортшыларымыздың деңгейі сол турнирде анықталады. Одан бөлек, алдағы уақытта ОҚО Ұлттық спорт түрлері мектебінде жамбы ату спорты түрінен спортшылар дайындайтын арнайы бөлім ашу да жоспарланған.
Жәнібек НҰРЫШ
«Оңтүстік Рабат», №39, 24.09.2014