Ұстаздарды ұлықтау жалғасып жатыр. Абай ауданы әкімдігі де ауданға қарасты мектептердің мұғалімдерін марапаттады. Жыл бойы жұмыста озат болып, үздік нәтижелерге қол жеткізген педагогтарға алғыс хат табыстап, құрметке бөледі. Арасында еңбек өтілі 40 жылдан асқан тәжірибелі, ұлғатты ұстаз Ботагөз Рахымова да бар.
Ботагөз Рахымова, №23 мектептің мұғалімі: «Мен өте қуаныштымын, мерекелік тартуға тәнті болдым, рахмет! Алғыс хаттың өзі бізге белсенділік сыйлайды, жұмысымызға деген қызығушылығымызды арттырады. Ұстаз болу, шәкіртке білім беру — оңай емес. Қазір жаңа технологиялар бойынша да ізденеміз. Алдағы уақытта да оқушыларымыз үзік болуы үшін сапалы білім беруді жалғастырамыз.»
Ұстаздар қауымның құрметіне әкімдік тарапы концерттік кеш ұйымдастырып, мейрамның мерейін асырды. Абай саябағындағы ашық аспан астында өрбіген шарада қала тұрғындары да ортаға шығып, педагогтардың ерен еңбегін атап өтті. Мереке аясында мектептер мен балабақша ұстаздары өз қолдарымен жасаған туындылардан арнайы көрме ұсынды. Айта кетейік, бүгінде бір ғана Абай ауанында 41 мектеп бар.
Шыңғысхан Нақыпбеков, Абай ауданы әкімдігінің халықты әлеуметтік қолдау бөлімінің басшысы: «Бәріміз де ұстаздың тәрбиесін көріп, соның білімінің нәтижесінде жоғарғы оқу орнына түстік. Мұғалімдердің жұмысы ауыр, олар қоғамның белсенді өкілдері дер едім. Мерекемен құттықтай отырып, жұмыстары жемісті болсын деп тілеймін!»