Шымкентте директордың қысымына шыдамаған ұстаздар шу шығарды

116

Шымкентте мектеп директоры мұғалімдерден ақша сұрап, қолын қайтарғандарға қысым көрсетіп жүр. Тіпті ол педагог келіншектердің күйеуіне қоңырау шалып, жанжал шығарады екен. Орта білім ордасының ұжымы осылай деп арнамызға арызданды. Ұстаздарға ұрда – жық мінез танытып жүрген басшы кім? Ұрпақтың келешегіне жауапты мамандардың арасындағы айқайдың ақ – қарасын тілші тарқатсын

 

Шымкенттегі Мағжан Жұмабаев атындағы мектеп мұғалімдерінен маза қашқанына 2 жылдан астам уақыт болған. Себебі, қазіргі директор сол кезде қызметке келіп, оқытушыларға қысым көрсете бастапты. Яғни, еш себепсіз ақша жинау қатты белең алып кетіпті. Кабинетке керек заттарды мұғалімдер өздері алып келген. Тіпті, комиссия келді деп тағы да қаржы жинайды екен.

Бибігүл Мұсабекова, мұғалім: «СЭС тексеріп келді дейді. Келген 1-2 СЭС адамды білеміз. Сол СЭС кеткеннен кейін пәлен ақша бердім дейді, ақша жинап береміз. Миллион ақша жинап береміз».

Злата Сүлейменова, мұғалім: «Былапыт сөздер айтады. Мысалы, мұғалімнің мәртебесін түсіретін, төмендететін сөздер өзіме де айтылды. Ата-ананың көзінше, директордың кабинетінде сенің байың бар ма, неге ұрысып жүрсің деген сияқты сөздер және жұмыс істей алмасаң дәл қазір мына есік тұр, арыз жаз да шығып кет деді».

Жалпы мұғалімдердің бұлай бас көтеруіне жаңадан шаруашылық жүргізу құқығы жобасының енгізілуі екен. Бұл бастама арқылы мектеп кабинеттері, спорт зал және акт залдар жалға берілетін көрінеді. Осылай жалғаса берсе, білім ордасы бизнестің көзіне айналып кетеді деп қорқады, ұстаздар.

Ләззат Тәттімбаева, мұғалім: «Мемлекет тарапынан ешқандай ақша бөлінбейді деді. Міне, бүкіл мұғалім тұр. Оны жоғарыдағылар жеп қояды. Бізге жетпейді деді».

Шу шығарған мұғалімдердің ортасына қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева келді. Ал мектеп директоры айтып жатқандардың бәрі жала деп, мұғалімдердің шағымын теріске шығарды.

Жаңыл Әлжанова, М.Жұмабаев атындағы №39 мектеп директоры: «Ол қаржы жиналды дегенге мен келіспеймін. Мен кеткеннен кейін өздерінде жағдай жақсы болатын болса, мен кетуге қарсы емеспін. Орнымды босата саламын».

Бас көтеріп шулаған ұстаздар прокуратураға арыз түсіріп қойыпты. Толық тексеруден кейін істің ақ-қарасы белгілі болады.

Әлихан Файзханов