Бұрынғы мектеп директоры өзіне қасақана жала жабылған деп санайды. Сот үкіміне сәйкес №68 мектептің бұрынғы басшысы Клара Нұрбекова лаборант қызметіне жұмысқа адам алу үшін өзінің орынбасары арқылы пара талап еткен. 36 жылдық еңбек өтілі бар педагог екі жыл басшылық қызмет етуден аластатылған. Ал оның орынбасары 1 жылға шартты түрде сотталған. Экс-директор жақында өз уәжін тілшілерге айтып берді.
Клара Нұрбекова соттың шешімімен келіспейді. Ол үкім өзіне қасақана жасалған қастандық деп есептейді. Әлдебіреулер оның орнына қызығуы мүмкін деген де ойы бар екен. «Мүмкін біреулердің директор болғысы келген шығар. Мен мұны тек қана тапсырыс деп түсінемін. Арнайы болған тапсырыспен жасалған қастандық, жала деп ойлаймын» деп қосты Клара Нұрбекова.
Ұстаз облыстық деңгейдегі соттардың барлығынан жеңіліс тапқан. Енді Жоғарғы сотқа арызданбақ. Айта кетейік, мектеп директорын құзырлы орган өкілдері биылғы жылдың ақпан айында өзінің кабинетінде ұстаған болатын. Тағылған айыпқа сәйкес ол 19 мың айлық алатын лаборант қызметіне жұмысқа алу үшін 2 мың доллар ақша талап еткен.
Клара Нұрбекова, №68 мектептің бұрыңғы директоры: «Егер мен шын мәнінде кінәлі болсам, неге мені сол заматта апарып қамап қоймайды. Жоқ, мен одан кейін жұмыс істедім ғой? Мектептің директоры болып ары қарай жұмысымды жалғастыра бердім. Тек әбден уақыт өткеннен кейін мені бұйрық шығарып, жұмыстан шығарып, қағазымды сотқа өтізді».
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=YuaJxYdMuGU[/youtube]
Қабиден Рахманбердиев, заңгер, тәуелсіз журналист: «Судья, менің ойымша, егер Фатихова кінәсін анық мойындап жатқан болса, бапты ауыстыруы тиіс еді. 177-бапқа немесе басқа баптар бар. Ал Нұрбекова Клараны ешқандай қылмыстық белгісі жоқ деп, сол заматта сот залынан босатуы тиіс еді».
Педагогтың жақтастары да Жоғары сотқа шағымданбақшы.