Оңтүстікте Маңғыстау облысының мәдениет күндері басталды. Еліміздің Батыс өңірінен келген өнер ұжымын жерлестеріміз сән-салтанатымен қарсы алды. Енді маңғыстаулық қонақтар қазақтың төл өнерін дәріптейтін болады.
Еліміздің Батыс өңірінен келген қонақтарды жерлестеріміз қуана, мерекелік дәстүрмен қарсы алды. Өнердің қаймағы бұзылмаған Оңтүстікке келген ағайын алдымен ас атасынан ауыз тиіп, көппен арқа-жарқа сәлемдесті. Маңғыстау облыстық мәдениет басқармасы басшылығының сөзіне сенсек, алдағы күндері өнер ұжымы көрермендерді қазақтың төл өнерімен тәнті етеді.
Гүлнәр Базарәлиева, Маңғыстау облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары: «Біз Оңтүстік халқын өнерімізбен таңқалдыру үшін келдік. Өзіміздің салт-дәстүріміз, қазақи құндылығымыз сақталған киіз үй мен зергерлік бұйымдарымызды ала келдік. Жас театрымыз бар. Олар да ерекше қойылымдарын әкелді. Сонымен қатар әншіміз Тамара Асармен бірге «Жорға» атты жас би тобы да жолда келе жатыр.»
Шымшаһарлықтар да қарап қалмады. Қонақтар үшін ән-жырдан шашу шашты. Бұл Оңтүстіктің қонақжайлығығы мен меймандостығын көрсетсе керек.
Асылхан Темірханұлы, облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары: «Өткен жылдан бастап барлық облыстарда мәдениет саласын дамыту мақсатында осындай апталықтар басталды. Былтыр Оңтүстік Қазақстан облысының Жамбыл облысындағы, Астана қаласындағы мәдениет күндері өткен болатын. Осы жылдың мамыр айының 26-сы мен 30-ы аралығында «Қазыналы Оңтүстік» атты апталығымыз Маңғыстау облысында жоғары деңгейде өтті».
Енді Маңыстаудан келген мәдениет саласының өкілдері қазан айының 10-жұлдызына дейін Оңтүстікте өнерлерін паш етпек. Бүгін облыстық-опера және балет театрында өнер апталығының ашылу салтанаты өтеді.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=G9g07S5XZYM[/youtube]