Оңтүстікте түйеқұс бағушылар көбейді

1199
Африкалық түйеқұстар

Оңтүстікқазақстандықтар жаңа кәсіпті қолға алды. Экзотикалық құстарды асырап, оны дамытуды көздеп отыр. 5 жылдан бері жерлесіміз өзінің үйінің ауласында бөденелер мен оңтүстікафрикалық түйеқұстарды өсіріп келеді. Өздері Зита мен Гита деп атап кеткен қанаттыларды бағу қиын болғанымен, пайдасы зор. Алып құстарға арнайы жасақталған ерекше күтім қажет.

Махаббат Жолдасова кәсібінің нәсібін алып жүр
Махаббат Жолдасова кәсібінің табысты екенін айтады

Махаббат Жолдасова, кәсіпкер: «Мен 5 жыл бұрын 3 бірдей түйеқұсты сатып алдым, олар кішкентай ғана балапан болатын. Жағдайын жасау, бағу қиынға түсті. Тіпті, олар көбеймей қала ма деп қатты қорықтым. Бірақ түйеқұстар өте төзімді екен. Қазір олар өсіп, әжептәуір пайда түсуде. Қазіргі мақсатымыз – сау балапандарын алу.»

Африкалық түйеқұстар
Африкалық түйеқұстар

Шаруаның шығынын өтейтін ұтымды кәсіптің бірі – түйеқұстардың тұқымын көбейту. Айтарлықтай алып жұмыртқасы оны тұтынған адамдардың үлкен сұранысына ие. Тіпті қаламыздағы беделді, қымбат өнімдерді ұсынатын мейрамханалардың менеджерлері жұмыртқаны тапсырыспен алдырады екен. Айтпақшы, әрбір түейқұстан 150 келі ет алуға болады. Және оның бір келісі 3500 теңгеге бағаланады. Бұдан бөлек алып құстың терісі де бағалы. Оның жасанды үлгісін жасау әлі күнге әлемдік өнертапқыштарға мүмкін болмай тұр.

Бөденелер
Бөденелер үшін арнайы тор дайындалған
Бөдене жұмыртқалары
Бөдене жұмыртқалары

Түйеқұстармен бірге кейіпкеріміз бөденелерді де көбейтіп жатыр. 400-ге тарта құстан күніне 200-ге тарта жұмыртқа алады.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=HFdqHjYEDLM[/youtube]

-Бұл кәсіп 20 құстан басталды. Араға аз-кем уақыт салып, оның санын 400-ге жеткіздік. Енді жұмыртқаларын көтерме бағамен сатып жатырмын. 10 данасы 130 тенгеден. Құстың еті мен жұмыртқасын осылай сатып, табыс тауып, отбасымыздың әлеуметтік жағдайы да дұрысталып келеді -дейді Махаббат Юлдашева.

Жуырда шымкенттік кәсіпкер құс асырап, оны көбейту үшін қала сыртынан кең ферма ашуды жоспарлап отыр.