Шымкеттегі Дінмұхаммед Қонаев даңғылы созылады. Бұл — бас жоспарда бекітілген жоба. Осылайша орталық даңғыл арқылы қала сыртына шығар жол жеңілдетілмек. Ал Дулати көшесі мен ескі қалашықтың арасы ашылып, қосылады деген жоба әзірге жүзеге аспайды.
Көптен бері көпшілікке қызмет көрсететін Түркістан моншасы келер жылы болмауы мүмкін. Ғимарат сүріледі. Орны жермен-жексен болып, үлкен жол түседі. Осылайша қала ішіндегі кептеліс азайып, Қонаев даңғылы ұзарады.
Бұл жоба 2012 жылы мақұлданған бас жоспарға сәйкес жүзеге аспақ. Бүгінгі таңда Қонаев даңғылын созу жұмыстары егжей-тегжей қаралып жатыр. Келесі немесе арғы жылы жоба жүзеге асады, Түркістан моншасы сүріледі дейді қаланың бас сәулетшісі Нұрлан Архабаев.
Нұрлан Архабаев, қалалық сәулет және құрылыс бөлімінің басшысы: «Жобаға сәйкес, жолдың бойында тұрған немесе жолға тіреліп тұрған нысандар алынады. Егер моншаны қалдырып, басқа нәрсе жасайық десе, болмайды. Оның орнына жол түседі. Бас жоспарға сәйкес талай нысандар бой көтереді. Ал маңыздылығына келер болсақ, моншадан жол маңызды».
Нәтижесінде Қонаев даңғылының аяғы Забадам аулынан бір-ақ шықпақ. Осылайша қаланың Оңтүстік бөлігіндегі ауыл-аймаққа оңай шығуға болады. Ал Дулати көшесі кеңейтіліп, ескі қалашықпен жалғаймыз деген жоспар әзірге жүзеге аспайды.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=xHWV2kgGbCc[/youtube]
Нұрлан Архабаев, қалалық сәулет және құрылыс бөлімінің басшысы: «Өрт сөндіру депосына байланысты жобалар болған. Дулати көшесін ары қарай созу. Енді бүгінгі таңда ол жоба көтеріліп тұрған жоқ. Сондықтан 1-2 жылдың көлемінде өрт сөндіру депосы алынады деген жоспар жоқ».
Бас сәулетшінің айтып отырғаны — мына өрт сөндіру бөлімі. Ескіден келе жатқан ғимаратта төтенше жағдай департаментінің №3 өрт сөндіру бөлімі орналасқан. Бүгінгі таңда апатты деп танылған ғимарат әзірге бұзылмайтын болыпты. Дегенмен өрт сөндіру бөлімі келер жылы су жаңа ғимаратқа қоныстанады.