Бас жоспар: Шымкент заманауи цифрлы қалаға айналады

24

Шымкент заманауи цифрлы қалаға айналады. Бұл туралы қала басшысы үшінші мегаполистің бас жоспарын талқылау барысында мәлім етті. Мамандар шаһарға жоғары жылдамдықты транспорт орнатылатынын айтады.

Шымкент қаласының бас жоспары талқыланды. Мамандардың сөзінше жобаны жасауға 2 жылға жуық уақыт кеткен. Соған сай барлық мүмкіндіктер қарастырылыпты. Атап айтқанда қалаға 2035 жылға дейін жоғары жылдамдықты трамвай әкелініп, ғимараттардың дизайны жаңарады.

«Шымкент қаласындағы 11 көшеге сараптама жасадық. Сонымен қатар қазіргі таңда қандай жағдайда тұрғанын сараптадық. Жалпы 11 көше 62 км-ді құрайды. Бас жоспар бойынша 5 ауданды 5 түрлі түсті гаммаларға бөлдік. Бұл әр ауданды тану белгісі болап табылады. Сол арқылы тұрғындар қай ауданда жүргендерін тани алады. Бұл адамдар үшін қолайлы болады деп жоспарланған» – дейді «АТС Град» ЖШС-нің өкілі Ерұлан Көкен.

Үшінші мегаполис қолжетімді мекенге айналады. Тұрғындар алыс жаққа қатынамастан тұрмыстық заттарына қол жеткізіп, медициналық көмекке жүгіне алады. Ал шаһар басшысы қаланың гүлденуіне барын салатынын айтады.

«Жоспар бойынша 250-  дей түп ағашты қырқып, жол салатын болған екен. Оны тоқтатып тастадық. Енді басқа жағынан жол салатын болдық. Ал дендробаққа ботаникалық саябақ статусын беру туралы ұсыныс айтап жатырмыз. Алматыдағы саябақты Өтемұратов қоры жүзеге асырған. Солармен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Қазір жауап күтудеміз. Алда Бәйдібек би көшесіне параллельді тағы 3 көшені ашамыз деп отырмыз. Ол үшін үйлерді сатып алғанда да қаражат көп кетпейді екен. Сол арқылы кептелісті азайтамыз деген ойдамыз», – дейді Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков.

Айта кетейік, 2035 жылға дейін қала халқының саны 1 млн 800 мыңға жетеді деп жоспарланған. Сонымен қатар 31 млн шаршы метр тұрғын үй құрылысы жүргізіледі.