Камералық үлгідегі түрме салынады

Биыл Қазақстан Республикасының Қылмыстық атқару кодексінің жаңа жобасы қабылданған болатын. Жаңа Қылмыстық атқару кодексі 2015 жылдың 1-қаңтарынан бастап күшіне енеді. Осы Кодекстегі басты өзгертулердің бірі еліміздегі түзеу мекемелерін камералық үлгідегі үй-жайларға өткізу мәселесі болды. Яғни, жасақтардан тұратын түзеу мекемелері камералық үлгіге көшеді. Бұл дегеніңіз ә дегеннен бола салатын өзгерту емес. Көп қаржы мен біршама уақытты талап ететін шаруа.

46-008

Ал, ОҚО-дағы түзеу мекемелері осы камералық үлгідегі үй-жайларға қашан өтпек? Бұл ретте нендей шаруалар атқарылып жатыр? Осы және облысымыздағы түрмелерде жазасын өтеп жатқандарға қатысты басқа да сұрақтардың жауабын білмекке Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаментіне барған едік.

Бүгінде бұл департаментке облысымыздағы сотталған азаматтардың бас бостандығынан айыру жазасын өтейтін алты мекеме қарайды. Ондағы сотталушылардың жалпы саны – 2680 адам. Алты мекеменің бесеуі Шымкент қаласы аумағында, енді бірі Төлеби ауданы Шахта-Тоғыс ауылында орналасқан.

Шымкенттегі бес мекеменің қатарында туберкулезге шалдыққан тұтқындарған арналған ИЧ167/2 түрмесі мен ИЧ 167/11 тергеу абақтысы да бар.

Тергеу абақтысында жалпы саны 500-ден асатын айыпталушы ұсталып отыр.

Қазіргі бюджет жоспарына сәйкес, түзеу мекемесіндегі бір сотталушыны ұстауға күніне 1727 теңге жұмсалады. Бұл шығын айына 50 мың теңгені құраса, жылына 630 355 теңге болады. Тергеу абақтысындағы күдіктілер мен айыпталушыларды қамтамасыз етуге күніне 1 адам үшін 2087 теңге бөлінеді. Жылына 761 755 теңгені құрайды.

«Адамды адам еткен еңбек» десек, азат өмірден шеттелген сотталушылардың төрт қабырғамен қоршалған аумақ ішіндегі тіршілігі, әрі алданышы – еңбек. Сотталушылардың әлеуметтік тұрғыдан бейімделіп, бостандыққа шыққаннан кейін қоғамдағы қарбалас өмірге мейлінше тосырқап қалмай, араласып кетуі үшін түрмеде еңбекке тарту қарекеті жасалады.

Бұл үшін түзеу мекемелерінен тігін, жиһаз, дәнекерлеу, ағаш өңдеу, күйдірілген кірпіш, шикі кірпіш, шлакоблок, тротуарға төсейтін плиталар, балық тазалайтын, макарон өндіретін, пластик есік-терезе шығаратын, қозықұйрық өсіретін цех пен наубайхана ашылған. Онда барлығы 285 адам жұмыс істейді. Мұнымен қатар, осы түзеу мекемелерінің шаруашылық саласында 255 адам жұмыс атқарады. Еңбекақы мемлекеттік бюджет есебінен төленеді.

Жалпы түзеу мекемелерінде жазасын өтеушілердің еңбекке жарамды бөлігі 1500 адамға жуық. Олардың 54,1 пайызы, яғни 809-ы ақылы түрде еңбек етеді. Бұдан бөлек, сотталушылар кәсіби білім алып, бостандыққа шыққан соң жұмысқа орналасуына жәрдем ретінде ИЧ – 167/3, 4, 9 түзету мекемелерінде 8 мамандық бойынша оқыту курстары ашылған. Биылғы оқу жылында кәсіби оқыту курстарында 350 сотталушы дәріс алып жатыр.

Облысымызда жаңа Қылмыстық атқару кодексіне сәйкес камералық типтегі түрмелер салуға нендей алғышарттар жасалып жатыр? Осыған тоқталсақ.

Камералық үлгідегі түрмелер салуға деп облыстық атқаушы билік тарапынан ОҚО бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қаланың оңтүстік батыс аумағынан ауданы 80 гектар жер берілген. Бөлінген жердің 19, 47 гектар аумағында іске асырылатын жоба да әзірленген.

Астанадағы комитетке жіберілген жоба бойынша белгіленген 19, 47 гектар жер аумағында бірнеше нысан салынады. Негізгісі, ол – 1500 адамға арналған камералық үлгідегі түрме. Әр камерада душ, дәрет бөлмесі, тамақтанатын орны бар. Мұндай камераларда 2-4 сотталушыдан ұсталады. Әр жасақтың өз спорт алаңқайы, өз асханасы болады. Бұған қоса, бірнеше тармаққа бөлінген нысандар бой көтереді. Атап айтқанда, шаруашылық ауласы, мекеме қызметкерлері тұратын шағын отбасыларға арналған 3 қабатты үй, 2 қабатты тұрғын үй, орта мектеп, балабақша, қонақүй, асхана, дүкен және кинология орталығы тұрғызылады.

Жобаға өндірістік аймақ құрылысы да енгізілген. Металл өңдеу, ағаш өңдеу, тігін-галантерия-трикотаж, құрылыс материалдарын өндіру және ұн шығару цехтары ашылады.

Жаңа қылмыстық атқару кодексі бойынша едәуір қаржыны талап ететін мұндай жобалар тек біздің облыста ғана емес, республикамыздың басқа да өңірлерінде іске асырылатыны анық. Парламент Мәжілісінің депутаты Светлана Бычкованың айтуынша, бұл жобаларды қаржыландыру 2015 жылдан кейін қылмыстық істі жетілдіруге қатысты мемлекеттік бағдарлама аясында жүзеге асырылуы мүмкін. Депутаттың сөзінше, мұндай үлгідегі түрме сотталушылардың психологиялық тұрғыдан тезірек түзелуіне, олардың жеке бас қауіпсіздігін қамтамасыз етуіне оң әсер етеді.

Жәнібек НҰРЫШ

«Оңтүстік Рабат», №46, 12.11.2014