Камера көмегімен 48 мың құқық бұзушылық анықталды

227

Шымкентте ағымдағы жылдың 11 айында Жедел басқару орталығының бейнекамералары арқылы 300-ге жуық қылмыс ашылып, 48 823 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. Ал соңғы бір аптаның ішінде 6 қылмыс, атап айтар болсақ 2 ұрлық, 3 бұзақылық және көлік ұрлығы ашылды.

Бұл бейнебақылау камералары құқық бұзушылықтың алдын алуға және қылмысты ізін суытпай ашуға үлкен көмек көрсетіп жатыр дейді тәртіп сақшылары. Сондай-ақ «Сергек» камералары рұқсатты жылдамдықты арттыру, қызылға өту, жол белгілері мен жолақтарының талаптарын бұзу, рұқсат етілмеген жерде тоқтау және автобус жолағымен жүру сияқты ереже бұзушылықтарды тіркеп, көлік иесіне айыппұл жазады.

Айта кетейік, Шымкентте қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін бақылайтын 1500 бейнебақылау камералары орнатылған. Ал, 100 көше қиылысына жол ережесін бұзған автокөліктерді автоматты түрде тіркейтін бейнебақылаудың 877-і және көше желілеріне 800-і орнатылған.

                                                                                             Мөлдір Ибадуллаева