«Оңтүстік цирк» оңалып келеді

45-022

«Шымкенттегі «Абай» саябағында орын тепкен ақ үйде  той болып жатыр. Кеше ғана тұсауы кесіліп, тәй-тәй басқан «Оңтүстік цирк» – 3 жасқа толып отыр. Осы уақыт аралығында өнер ордасы көптеген қиыншылықтарды бастан өткерді. Мыңдаған көрерменнің көзайымына айналып, балақайларды күлкіге қарық қылған өнер ордасының жеткен жетістіктері де аз емес. Көрерменге ұсынған тың дүниелері де, тәрбиелеген шәкірттері де жетерлік.

Жиылған қауымды таңқалдырып, таңдай қақтырып, қала берді ішегі түйілгенше күлдіріп жүрген өнер ордасы алдағы уақытта өз көрерменіне қандай жаңа дүниелер ұсынбақ? Алға қойған жоспарлары қандай? Циркті жаңа хайуанаттармен толықтыру жоспарда бар ма? Басшылықтың ауысуы ұжымға әсерін тигізеді ме? Бізді қызықтырғаны да осы еді. Көкейіміздегі сұрақтарға жауап алу мақсатында өнер ордасына жол тартқан едік.

Өнер ордасының жаңа басшысы Арман Әлиев
Өнер ордасының жаңа басшысы Арман Әлиев

 

Циркке режиссер керек

Өнер ордасының жаңа басшысы Арман Әлиев құшақ жая қарсы алып, цирк ұжымымен таныстырып жүр. Бірқатарын бұрыннан танитынбыз. Басшымен бірге дайындық залына атбасын бұрдық. Мұнда жаттығу үшін екі зал бар екен. Бірі – кіші, екіншісі – үлкен зал. Кішісінде акробаттар, гимнас-тар мен жанглерлер жаттықса, үлкенінде шабандоздар дайындалып жатыр. Байқағанымыз мұндағы әртістердің басым көпшілігі жастар. Арасында орта буын ағалар да жоқ емес. Арман Әлиевтің айтуынша, мұндағы өнерпаздардың 90 пайызын жергілікті тұрғындар құраса, қалғандары өзге шет елден келген әртістер. Осы ретте басшыға: өзге елден келген әртістер баспанамен қалай қамтамасыз етіледі деген сұрақты қоюды жөн санадық. Ол кісі мүдіртпестен олардың пәтер жалдап тұратынын айтты. Және цирктің әртістерін мемлекет пәтермен қамтамасыз етуге міндетті емес екенін алға тартты. Сондай-ақ, басшы мұнда гастрольдік сапармен келген әртістер де пәтер жалдап тұратынын жасырмады. Соған байланысты кей жағдайда билет құны да шарықтап кететінін айтқан басшы алдағы уақытта әртістерге арналған жатақхана салынса жақсы болар еді деген ниетін де жасырмады. Айтуынша, жатақхана үшін жер де қарастырылып қойылған. Алайда, әкімдіктің рұқсатын күтіп отырған көрінеді.

45-023

Әңгіме барысында басшы: «Циркке қашан да дарынды, өнерлі жастар керек. Бойында таланты бар жандар үшін мекеменің есігі айқара ашық» екенін айтты. Сондай-ақ, Арман Әлиевтен өнер ордасында білікті режиссер жоқ екенін білдік. Басшы мықты режиссер табылып жатса ойланбастан-ақ жұмысқа қабылдайтынын жеткізді.

Десек те басшы жүйелі жаттығудың, талмай ізденудің арқасында «Оңтүстік цирктің» әртістеріне Қытай, Түркия елінің көрермендері қол соққанын жасырмады. Ал әртістер болса, өзге елдердің цирктерінде болып тәжірибе алмасып, сабақ алудың маңызы зор екенін айтады. Айтуларынша, үнемі сапарда болып гастрольдерге шығып тұрғанда ғана пайым түсінігі мола­йып, шеберліктерін шыңдауға мүмкіндік алады.

45-025

Әртістер манежде дайындық жүргізіп жатқанда, сахнаның сыртындағы шығармашылық ұжым да қызу жұмыс істеуде. Гримерлер әртістердің жасанды шаш пен сақал-мұртын әзірлесе, дизаинерлер мен тігіншілер жаңа жылдық киім үлгісін ойлас-тыруда. Ал, жарнама бөлімінің мамандары жаңа дүниені қалай жарнамалайтынын, қай қырынан көрсететінін ойластыруда.

Бота – «Еркемай» енді циркте өнер көрсетеді

Дегенмен, «Оңтүстік цирктің» мақтанышы Жайнақ, Мойнақ, Маймақ, Назым мен Натимді көруге асығып тұрғанымызды жасыра алмадық. Арман Әлиев хайуанаттардың Түркия еліне гастрольдік сапармен кеткенін айтты. Бұйыртса желтоқсан айында келеді дейді. Айта кету керек, циркте осыдан бір жыл бұрын аңдарға арналған қора пайдалануға берілген-ді. «Ендігі іші түрлі аңға толғанда шығар?» дейміз сыр суыртпақтап. Циркте өнер көрсетуі үшін мұнда пілдерге, жыртқыш аңдарға, майда жыртқыштарға, маймылдарға арналған бөлмелер қарастырылыпты. Алайда, Оңтүстік циркте әзірге мұндай аңдар болмағандықтан, қора-жайлар бос тұр.

45-024

Цирктің зоотехнигі Мақұлбек Сәрсенбаевтың айтуынша, бұл бөлмелерге алыс-жақын шетелден гастрольдік сапармен келген хайуанаттар орналастырылады екен. Сонымен қатар мұнда 12 жылқыға арнаған ат қора да салыныпты. Әзірге иеліктерінде 4 ат бар. Цирктің басшысы Арман Әлиев оның екеуі цирктің жекеменшігінде болса, қалған екеуін атшабардан жалға алатынын айтты. Басшы келер жылы ат қора тағы да 5 жылқымен толығатынын тілге тиек етті. Бұл ғана емес, жаңа басшының айтуынша, цирк басқа да хайуанаттармен толығады. Яғни, жақын күндері «Оңтүстік цирктің» манежінде шотландық понилер, «Еркемай» атты бота, ала құлан, питон, бұйра қанден иттер мен жолбарыстар өнер көрсетеді.

– Цирк хайуанаттармен көрікті екені белгілі. Сондықтан да, бар күшті аңдарға салудамын. Бұған Шымкент зообағының басшылығы да көмек қолын созуға дайын, – дейді А.Әлиев. Айтуынша, тіпті бұл үшін цирктегі екі маманды Ресейге жіберіп, аң үйретушілікке оқытуды да жоспарлап отырған көрінеді.

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ

«Оңтүстік Рабат», №45, 05.11.2014