«Оңтүстік цирктің» ұжымы «Expo-2017» көрмесіне тарту жасады

342

«Expo-2017» халықаралық көрмесін күнгейліктер де қолдады. Дәлірегі – жергілікті «Оңтүстік цирк» мекемесі мәдени шараның құрметіне орай, тұрғындарға тосынсый – рухани тарту жасады. Қаламыздағы «Қиял әлемі» саябағында өрбіген шоу-кешке  біз де арнайы қатысып қайтқан едік.

Берік Сексенбекұлы

Берік Сексенбекұлы – жас әнші. Көбіне лирикалық әнді орындап, жас тыңдармандардың жүрегін жаулаушы жігіт, бұл тойда да тосылған жоқ. «Ехро-2017» халықаралық көрмесіне деген құрметін құнттады. Көптің алдында патриоттық бағыттағы жаңа авторлық шығармасының тұсауын кесіп, мерекеге тарту етті.
Берік Сексенбекұлы, жас әнші: «Мен мерекеге құр қол келген жоқпын. «Мәңгілік ел» атты М.Айтжановтың сөзіне жазылған әнді әкелдім. Сахнада үлкен тебіреніспен орындадым. Әнді айтқан кезімде, қазақ елінің кеңдігі, мәрттігі, байтақ жері көз алдыма елестеді. Халқымыздың басынан не өтпеді, тарих пен бүгінгі жетістіктері де – бәрі де осы өлеңде жазылған».

«Болашақ энергиясы» атты кешке өнер ұжымы 3 ай уақыт бойы дайындалған. «ХБЭНД» эстрадалық джаз оркестрі саз аспаптарында отандық және шетелдік шығармаларды шебер ойнады. Қазіргі заманауи туындылар да тыңдарманның назарына ұсынылып, мерекенің мерейін асырды. Ал «Оңтүстік цирк» мекемесі басшылығының айтуынша, цирк әртістерінің мәртебелі көрмеге, айтулы мейрамға деген құрметі мұнымен шектелмек емес.

Арман Әлиев, «Оңтүстік цирк» мекемесінің директоры: «Біз бағдарламамызды пысықтап, дайындықты жалғастыра береміз. Себебі бірнеше айдан соң, Астана қаласынды Оңтүстіктің мәдениет күндері өтеді. Аталған кеште ұжым болып, арнайы шоу-қойылымдарды ұсынамыз. Алдымызда елордалықтар мен шетелдіктердің үлкен таңданысын тудырып, тәнті ету мақсаты  тұр».

Әдетте сайқымазақтар мен аң-құстардың айласымен ғана шектелетін әртістер бұл күні көрермендермен жұмыла жанды дауыста ән орындап, етене араласып, ойындар ойнады. Шоу-бағдарламасын да таныстырды. Айта өтейік, «Оңтүстік цирк» мекемесінде бүгінде 170-ке тарта адам жұмыс жасайды. Енді ұжым «Ехро-2017» халықаралық көрмесіне тамыз айының 29-жұлдызында аттанғалы отыр.