«Циркке қызығатын балаларды ауылдардан іздейміз»

648

Елімізде үш цирк мекемесі болса, соның бірі – Оңтүстікте. Жыл сайын сәуірдің үшінші сенбісінде Халықаралық цирк күні аталып өтеді. Биыл 15 сәуірге тура келген атаулы датада «Оңтүстік-Цирк» мекемесінің директоры Арман Әлиевпен сұхбаттастық.

– «Оңтүстік-Цирктің» құрылғанына бес жылдан асты. Цирктің ашылған кездегі жағдайы қалай еді? Қазір қандай?

– Бес жыл цирк өнері үшін өте аз уақыт. Күрделі де қиын, физикалық тұрғыда ұзақ уақыт, көп дайындықпен келетін өнер. Бастапқыда мамандар жетіспеді. Қазір 90 пайызға толыққандай болдық. «Енді-енді қалыптасып, тәй-тәй басып келеміз» десек болады. Десе де жетістік бар жерде кемшілік те бар. Бар мен жоқ қатар жүреді. «Гүлдей жайнап, әлемді мойындатып кеттік» деп айта алмаймыз. Әйткенмен, республикалық қана емес, халықаралық деңгейдегі байқаулардан да жүлдемен оралып жүрміз. Атап айтсам, былтыр ғана Қытайда өткен III акробатикалық цирк өнері байқауынан әуе гимнасшыларымыз I орын алды. 2015 жылы «Азия жаңғырығы» халықаралық цирк фестивалінде арқанда жүретін жігіттеріміздің өнері бағаланып, күміс жүлдеге ие болдық. Сондай-ақ «Хабар» телеарнасында көрсетілген «Аймақтар аламаны» телебайқауынан арнайы сыйлық алдық. «Шабыт» халықаралық фестивалінен I орын иемдендік. Мұнымен тоқтамаймыз. Үлкен жоспарларымыз бар. Қазақ цирк өнерін, соның ішінде Оңтүстік цирк өнерін әлемге танытқымыз келеді. Алар асуымыз әлі де алда. Әлі көп шыңдалып, талмай жұмыс істеуіміз керек.

– Сіз цирк басшылығына келгелі не өзгерді?

– Барынша нәтижелі жұмыс жасауға тырысып келемін. Ісімізге қолдау білдіріп отыратын облыс басшылығына айтар алғысым шексіз. Былтыр Руханият күніне орай бізге шағын Мерседес автокөлігін және екі бірдей жүк көлігін сыйлады. Жылжымалы цирк те алып беріп жатыр. Аудан-қалаларға барып, кәсіби цирк өнерін көрсетуімізге мүмкіндік туды. Мұның барлығы бір күнде немесе бір жылда бола қалатын шаруа емес. Уақытымен, еңбекпен келетін шаруалар. Материалдық-техникалық базамызды біршама жақсартып алдық. Енді тек алға ұмтылып, еңбектеніп, жұмыс істеуіміз керек.

– Цирк ұжымы кімдерден құрылған?

– Бүгінгі таңда мекемемізде 189 қызметкер бар. Оның 111-і шығармашылық ұжымның мүшелері. Ішінде Олег Касаткин, Сергей Мустафин, Құрманғазы Ізтілеуов, Мақсат Бегалиев, Жанат Қалметова, Қалқаман, Жәнібек, ағайынды Сұраншиевтер және тағы басқа мақтанып айтуға лайық қызметкерлеріміз көп. Барлығы дерлік өз жанрының шеберлері. Цирк өнеріне кез келгеннің жүрегі дауаламайды. Мыңнан, тіпті он мыңнан бірі келіп жатады. Сондықтан осы өнер үшін бар жан-тәнімен еңбек жасап жатқан мамандарымызға, әріптестерге, әртістерімізге ерекше алғысымызды білдіреміз. «Джаз биг бенд» оркестріміз бар. Бұл оркестрмен ойын-сауық орталықтарында концерт беріп жүрміз. Алдағы уақытта шығармашылық кешін өткізуді жоспарлап отырмыз. 11 адам әкімшілік құрамда қызмет етеді. Қалғандары шаруашылық-техникалық құрамда жұмыс істейді.

– Мамандарды қалай дайындайсыздар, қайдан шақырасыздар?

– Цирк мамандарын Алматыдағы Жүсіпбек Елебеков атындағы республикалық эстрада цирк колледжі дайындайды. Сол колледж студенттерінің бітіруші емтиханына міндетті түрде еліміздегі үш цирктің басшыларын шақырады. Барамыз, қараймыз, ұсыныс береміз. Өз қалауымен келетін әртістер де бар. Мектеп жасындағы жеткіншектерді баулу мақсатында ауыл-ауылдан осы өнерге қызыққан балалаларды тартамыз. Әрбір жетекші өз жанрына жақын балаларды тәрбиелейді. Өнердің қиындығына шыдаған балалар қалады. Сахналық циркпен ауыл-аудандарға барғанда өнерпаздарымыз бұл өнерді жастарға насихаттап, түсіндіреді. Қызығушылық танытып келген балаларды кеудесінен итермейміз. «Балалар қызықса екен» деген мақсатта қолымыздан келгенше жұмыс жасап келеміз.

– Цирк қызметкерлерін баспанамен қамтамасыз ету, жатақхана беру қарастырылмаған екен. Қазір цирктің баспанасыз әртістеріне қиын тиіп жүрген болар…

– Баспана – жас отбасылардың ғана емес көп адамның мәселесі. Бізде де баспанасы жоқ әртістеріміз бар. Қызметкерлерімізді орналастыратын жатақхана жоқ. Облыс басшылығы алдағы уақытта жатақхана мәселесін шешіп беретінін айтқан. Қазіргі таңда жатақхана салынатын жердің құжат жұмыстарын реттеп жатыр. Қызметкерлерімізге жатын орын болса, нұр үстіне нұр болмақ. Тағы бір тиімді тұсы – сырт елдерден білікті мамандар келіп, шеберлік сағаттарын өткізіп, тәжірибе алмасып, бірлесе жұмыс істеуге үлкен себі тиетін еді. Біздің жатақханамызда тұрып, бізбен тәжірибе алмасып жатса, керемет емес пе?! Бұйыртса, алдағы уақытта жатақханамыз болады деп қуанып жүрміз.

– Қандай жануарлар бар, олардың күтіміне кім жауапты?

– Бізде алты ат, үш арыстан, бір аю, төрт күшік, үш пони және кептерлеріміз бар. Шымкент зообағының басшылығына үлкен алғыс білдіргіміз келеді. Себебі жан-жануарларды сол жақтан аламыз. Алған аңдарымызды әр минут сайын үйретіп отырмыз десек артық емес. Күнде жаттығуға шығады. Олардың үйреніп кетуі үшін бірнеше жыл керек. Кей аңдар ұзақ уақыт көнбейді. Аңдарды дайындау – инемен құдық қазғандай нәрсе. Бізде аттардың саны көп. Ондағы себеп қазіргі таңда көбінесе «джигитовка» жанрында өнер көрсетіп жүрміз. Түркістан қаласында өткен Түркі әлемінің Наурыз мейрамында шабандоз жігіттеріміз керемет өнер көрсетті. Жан-жануарларға қарайтын мамандар, мал дәрігері бар. Жануарларға қажет дәрумені мен тамағын береміз. Тамақтандыру мен тазалығын сақтау сынды бар шаруамен айналысатын арнайы бөлім бар.

– Өткен жылы Шымкент зообағында туған екі аланды циркке алдыңыздар. Сол күшіктердің қазіргі жағдайы қалай, оларды баулумен кімдер айналысады?

– Иә, арыстанның күшігін үйрету оңай емес. Зообақтан алған аландарды үйрететін Азиз есімді жігіт бар. Азиз қазір олармепн жұмыс жасап жатыр. «Аландар бүгін-ертең өнер көрсетіп, сахнаға шығады» деп айту қиын. Себебі аңдардың үйрену мерзімін дөп басып айта алмаймыз. Кейбір аң тез бейімделеді, ал енді бірінің үйренуі көп уақыт алады. Аландар әлі кішкентай. Оларды уақытылы тамақтандырып, кестеге сәйкес жаттығуға шығарамыз. Осылайша ақырындап үйретіп жатырмыз. Жағдайлары өте жақсы.

– Биылғы жоспарларыңызбен бөліссеңіз… Гастрольдік сапарларға шығасыздар ма?

– «EXPO-2017» Астана халықаралық көрмесінде Елордамызда өнер көрсетеміз. Астана тұрғындарына және қонақтарға бағдарламамызды ұсынамыз. Қазір соған қызу дайындық үстіндеміз. Жаңа бағдарламамызды оңтүстік халқы да тамашалайды. Жылжымалы циркпен жаз айларында аудан-ауылдарға шығып, өнер көрсетеміз. Негізгі жоспарларымыз осы. Жыл сайын 6 шілдеде Астанада өтетін «Азия жаңғырығы» халықаралық цирк фестиваліне дайындалып, қатысып, «мүмкіндігімізді биыл да байқап көріп, өзімізге есеп берсек» деген жоспарымыз бар.

– Әңгімеңізге рахмет!

 

«Оңтүстік-Цирк» тел: 56-77-43

Сұхбаттасқан: Жанерке ХҰМАР