Қазақстан инженерлік-педагогикалық халықтар достығы университеті әлемдік ғылымның дамуына өз үлесін қоспақ. Бүгін жоғарғы оқу орнында «Оразов оқулары» атты ғылыми-тәжірибелік конференция басталды. Ғылыми шара білім ошағының алғашқы ректоры, академик Мейірбек Оразовтың құрметіне арналып отыр. Кеңеске республикамыздың беделді ғалымдарымен қатар шетелдік өнертапқыштар шақырылған.
Түркі тілінің шежіресі мен бүгінгі жағдайы, педагогика саласының даму-деңгейі. Жоғарғы оқу орнындағы жаңа бағыттар. Мұның барлығы да «Оразов оқуларында» айтылды. Ғылыми-тәжірибелік конференцияда жаңа ғылыми мақалалар таныстырылды. Кеңестің діттегені де осы — жаңалық ашу, өнертапқыштардың өзара тәжірибе алмасуы.
Асылбек Исабеков, Қырғызстан ұлттық аграрлық университетінің кафедра меңгерушісі: «Үлкен қобалжуды сезініп тұрмын. Себебі, үздік ұстаздарды тәрбиелейтін университетке педагогиканың жаңа ережелері атты мақаламды арқалай келдім. Бірақ осы оқу орнының ұстаздары менің ғылыми еңбегімнен де жоғары мақалалар жазған болар деп ойлаймын. Біздің Қазақстан инженерлі педагогикалық халықтар достығы университетінен үйренеріміз көп. Бәрінен бұрын ұжымның талапқа сай жеке ғимарттары мен заманауи техникалық жабдықтары, білікті ұстаздары бар. Қызығып, тәнті болып отырмыз».
Қазақстан инженерлік-педагогикалық халықтар достығы университеті қолға алған халықаралық ғылыми-конференцияға еліміздің ғана емес, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркия сынды шетелдерден ағартушы-ғалымдар шақырылған. Олардан бас-аяғы 190 ғылыми мақала келіп түсіпті. Бұл жұмыстарды халықаралық деңгейдегі өнертапқыштар саралайды. Ал оқу орнының алғашқы ректоры Мейірбек Оразовтың құрметіне арналған кеңес жаңа ұсыныстармен қатар қоғамдағы өзекті мәселелерді де қаузады.
Мұсабек Ақылбаев, ҚИПХДУ ғылыми-зерттеу жұмыстары бойынша директорының орынбасары: «М.Оразов түркі еліне танымал болғандықтан, сыйлап қонақтар келіп отыр. Ал конференцияның ерекшелігі — түркі тіліндегі Оразов бастаған жұмыстарды аяқтау. Әлі де болса тіл бойынша шешілмеген мәселелер бар ғой, соны біз конференцияда талқылап, жаңа жинаққа енгізіп жатырмыз».
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=ZfN-iZDprcM[/youtube]
«Оразов оқулары» атты конференция 2 күн бойы өтеді. Жеңімпаздар арнайы сертификат және бағалы сыйлықтармен марапатталады. Айта кетейік, бүгінде Қазақстан инженерлік-педагогикалық халықтар достығы университетінде педагогикалық, экономикалық, құқықтану бағыттары бойынша 7000-нан астам студент білім алып келеді.