Робот құрастыратын мектеп

47-008

Астанада «Робототехника-2014» Республикалық олимпиадасы өткен болатын. Бұл олимпиада –Робот техникасынан Дүниежүзілік олимпиаданың WRO (World Robot Olympiad) ережесіне сай өтті. Елімізде алғаш рет ұйымдастырылып отырған олимпиадаға Назарбаев Зияткерлік мектебі мен жалпы білім беретін мектептерден барлығы 200-ге тарта оқушы қатысты.

Берік Мырзабаев
Берік Мырзабаев

Берік Мырзабаев, робототехника үйірмесінің жетекшісі: 

– Балалар бұл үйірмеге алғашында шетелдік кинолардан көрген түрлі робот кейіпкерлеріне қызығу арқылы келеді. Мұнда оларға роботтардың түрлерін таныстырып, олардың маңыздылығын түсіндіреміз. Робототехника өмірдің барлық саласында қолданылады. Өздігінен ашылып-жабылатын есіктерден бастап нанотехнологияларға дейін робототехника пайдаланылады. Біз үйірмеде «Lego» роботтары негізінде үйретеміз. «Lego» роботтарының артықшылығы, халықаралық жарыстардың дені осы компания роботтарының қатысуымен өткізіледі. Бізде қазір осы робототехника саласын жалпы білім беретін мектептерге енгізу бойынша әлеуметтік жоба жүргізілмек. Қазір Назарбаев Зияткерлік мектебіндегі оқушыларды оқытсақ, алдағы уақытта қарапайым мектептерге барып, информатика және физика пәні мұғалімдеріне робототехника негіздерін үйретеміз.

Сол олимпиадаға Шымкент қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің де оқушылары барып, сынға түсті. Олар Астанадағы жарыстан құр қол қайтпай, жүлделі II және III орындарға ие болды.

Асхат Құрал
Асхат Құрал

Асхат Құрал, 12 «А» сыныбының оқушысы:

– Робот істеу – әр адамның ойлай білуіне байланысты. Мұнда мақсатқа жету маңызды. Роботқа жүктелетін міндеттің орындалуы үшін бағдарлама жазылады. Роботты құрастыру оңай болғанымен, бағдарламалауға келгенде қиындықтар болады. Бір роботты құрастыру мен бағдарлама жазып шығуға кететін уақыт мөлшері оның күрделілігі бойынша анықталады. Робот құрастырғанда бөлшектерінің мығымдығы мен беріктігі де оның шыдамдылығын арттырады. Күрделі бағдарлама роботты күшейтеді.

2013 жылдың 16 ақпанында ашылған бұл мектепте робототехника үйірмесі жұмыс істейді. Бүгінде үйірмеге 40-қа тарта оқушы қатысып жүр. Жетекшісі – Мырзабаев Берік Исламбекұлы.

47-006

Аптасына үш рет болатын үйірмеге қатысушылар санына шектеу қойылмаған. Роботехниканың өзі ғылымның үш саласынан, яғни, механика, электроника және информатикадан тұратынын ескерсек, бұл үйірменің қатысушылары осы салаларды қатар меңгеріп шығады.

Төребек Құдірет
Төребек Құдірет

Төребек Құдірет, 9 «D» сынып оқушысы:

– Мен олимпиадаға өзім жасаған сызықпен жүретін роботты алып бардым. Оның міндеті — қара алаңда ақ сызықпен, ақ алаңда қара сызықпен жүруі керек. Оны істеуге 2 айға жуық уақыт жұмсалды. Робот жасауда өз қиялың мен идеяң маңызды. Роботтар адамның өмір сүру жағдайын жеңілдетеді. Жұмыс күшін алмастырады.

«Lego» компаниясының робот жиынтықтары әр үш жылда жаңарып отырады. Соңғы нұсқаларының бағасы 80 мың теңгеден айналса, алдыңғы модельдерінің сатылу құны одан арзан болады.

Аллажар Мәуленов
Аллажар Мәуленов

Аллажар Мәуленов, 8 «А» сынып оқушысы: 

– Осы үйірмеге қатысқаныма екі жыл болды. Үйірменің ұнайтын жақтары өте көп. Соның бірі, өз қиялыңдағы әртүрлі роботтарды жасауға болатыны. Мысалы, мына роботтың атауы – робогатор (суретте). Қолтырауынның сыртқы тұрпатына ұқсас жасалған. Тірі қолтырауынның қозғалысын қайталайды. Құрастыруға 6-7 сағат уақыт жұмсалды.

Астанада робототехникадан өткен бірінші республикалық олимпиада 13 секциядан тұрды. Біздің облыстан барған Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары «Сумо», «Сызықпен жүру» және «Ғарыш станциялары» секцияларынан өздері жасаған роботтарын жарысқа шығарды. Мұнда қиыны «Ғарыш станциясы» санаты болған екен. Өйткені бұл секцияда роботтардың Жерден тыс Ғарыш жағдайында жұмыс істей білуі сыналады. Яғни, мұнда жасыл аймақтағы робот күн сәулесінің панелдері қойылған аймаққа кіреді. Ондағы панелдердің үшеуі өшірулі болса, қалған үшеуі істен шыққан. Сол ақаулы панелдердің бұзылғанын жөндеп, өшірілу тұрғандарын іске қосу тапсырмасы берілген.

47-005

Үйірмедегі балалардың саны әр жылы толығып отырады. Жаңадан келушілерді тек жетекшілері ғана емес, сондай-ақ жоғары сынып оқушылары да баулиды. Бітіруші сынып оқушылары ізбасарларына алдымен робот құрастыруды, одан кейін бағдарламалауды үйретеді. Олардың айтуынша, робот құрастыруға 2-3 күн жұмсалса, бағдарлама жазу – аптадан астам уақытты алуы мүмкін. Роботтың әр қозғалысы осы бағдарламамен басқарылады. Әр қадам шет қалмай, жіті қадағаланады. Бағдарламаны меңгеруге 2-3 сағат шығындалады. Бірақ, сол жазылған жіктерді бір-бірімен жалғастыру қиынға түседі.

Оқушылар мұнда робототехниканың алғашқы баспалдағынан өтеді. Қозғалтқыштардың, дыбыс пен сенсорлық қабылдағыштардың түрлерінен хабардар болады. Бағдарлама жазу негіздерін үйренеді. Жеңіл тапсырмаларды орындайтын роботтар жасаудан бастайды.

Гүлшат Мәжитқызы
Гүлшат Мәжитқызы

Гүлшат Мәжитқызы, директордың ғылыми әдістемелік жұмыстар бойынша орынбасары:

– Мұнда жағдайдың барлығы оқушының ғылымға деген қызығушылығын арттыру үшін жасалған. Мектепке дарынды балалар қабылданатындықтан мұндағы оқушылардың арасында ғылым жолын таңдаған оқушылар көп. Ғылымға басымдық берілген. Ұстаздарды іріктеу өте қатал жүргізіледі. Алдымен, пән бойынша біліктілігі сыналады. Одан кейін эссе жазады. Эссе жазу арқылы өзінің көзқарасы танылады. Үшіншіде, әңгімелесу болады. Түрлі сұрақтар қою арқылы оқытушының философиясы, дүниетанымы, оқуға, жұмысқа, педагогикаға деген құлшынысы анықталады.

Үйірмедегі балалардың дені болашақтағы кәсібін осы робото-техникаға қатысы бар мамандық түрлерімен ұштастырғысы келеді. Назарбаев Зияткерлік мектебінің де басты мақсаты өскелең ұрпақты ғылымға баулу. Осылайша, нанотехнология саласы бойынша өз мамандарымызды дайындаудың іргетасы болып отыр. Ғылымға басымдық берілген мектепте ұстаздық құрамның жасақталуы да әдепкіден бөлек. Ұстаздық құрамның дені – жастар.

47-007

Ғылымды алдыңғы қатарға қойған мектептің соңғы қуанышты жаңалықтарының бірі — 12 «А» сыныбының оқушысы Құрал Асхаттың EXPO-2017-ге арналған Ғылыми жобалар фестивалінде I-орынға ие болуы. Ол байқауға «физика» бағыты бойынша күн, жел және су энергиясын түрлендіре отырып, электр қуатын алу жобасына құрылған «Баламалы энергия жүйесін тұрмыстық қызметке пайдалану және оның кемшіліктерін жою» деген тақырыбымен ұсынған. Бұл да зерттеушілік жұмысқа баулу бағытында жүргізілетін жүйелі жұмыстардың нәтижесі.

Жәнібек Нұрыш

Суреттерді түсірген – Әйгерім Бегімбет

«Оңтүстік Рабат», №47, 19.11.2014