Оңтүстік Қазақстан саз колледжінің хор ұжымы XVII халықаралық «Шабыт» фестивалінен жеңіспен оралды. Студенттер жүлделі 3-орынды иемденді. Айта кетейік, биыл 17-ші рет қолға алынған өнер бәсекесінде қатысушылардың талантын Қырғызстанның халық әртісі Мұратбек Бегалы бастаған топ таразылады.
Емін-еркін сезіну, ән мәдениеті, кең диапазон мен бекзат өнерге деген риясыз құрмет. Жас күміс көмейлердің бойындағы бұл қасиеттерді колледж ұжымы ғана емес, халықаралық сайыстағы қазылар алқасы да бағалаған. Енді хор ұжымы «Шабыт» фестивалінен өңірге жеңісті арқалай келді.
Самат Сартай, Оңтүстік Қазақстан саз колледжінің студенті: «Қуаныштымын, бұл жеңісті күткен жоқпыз, бірақ өзімізге Астана қаласына жол жүрер алдында жүлдемен қайтамыз деген мақсат қойдық. Енді, міне, ол да орындалды. Ұстаздарымыздың, достарымыздың үмітін ақтадық. Әрине, халықаралық деңгейдегі байқаудан 3-ші орынды жеңіп алу бізге шабыт сыйлайды. Мен осы саланы таңдағаныма өкінбеймін, әкем де хор дирижері. Сондықтан, еліміздің мәдениет саласының өркендеуіне мен де өзіндік үлесімді қосқым келеді.»
Байқауға жерлестеріміз бір жеті бұрын қатысқан. XVII халықаралық «Шабыт» фестивалінің сахнасында Оңтүстік Қазақстан саз колледжінің хор ұжымы қазақ халқының ғана емес, шетелдік туындыларды да шебер орындады. Екінші кезеңде 5 бірдей хор ұжымымен сайысқа түсті. Бірақ жерлестеріміз жеңісті қолдан берген жоқ. Хор жетекшісі Жанат Сақыбекованың айтуынша, бұл — үлкен еңбектің нәтижесі. 30 жылдық тәжірибесі бар ұстаз үздік шәкірт тәрбиелеуінің құпиясымен бөлісті.
Жанат Сақыбекова, Оңтүстік Қазақстан саз колледжінің оқытушысы: «Біздің оқу орнына білім алуға келетін жастардың көбінің музыкалық сауаты жоқ, олар, тіпті, нотаны да білмей келеді. Біз олармен мұқият жұмыс жасаймыз. Шаршайтын да кездер болады. Түсіндіреміз, кей кездері ұрсып беретін сәттеріміз де болады. Бірақ, олармен достарша сөйлесіп, әуенге деген махабатын-құрметін ояту қажет. Олардың қызығып ән салғанын көргенде өзімді бақытты сезінемін».
Бүгінде Оңтүстік Қазақстан саз колледжіндегі хор ұжымында 65 студент бар. Оның 24-і «Шабыт» фестиваліне қатысты. Айта кетейік, ұжым жуырда өзге де халықаралық сайыстарға жол жүруді жоспарлап отыр.