Өндірістік жарақатқа кім кінәлі?

«Жолдасым жұмыста жарақат алып, мүгедек атанды. Денсаулығына келтірілген зиян үшін қандай өтемақы ала аламын?», «Құрылыста жұмыс істейтін жолдасым түскі үзіліс кезінде құлап жарақат алды. Емделген күніне мекеме ақша төлеуге тиіс пе?». Осылайша, өндірістік жарақат кезінде берілетін жәрдемақы мен өтемақы тағайындау мен төлеу тәртібі жайында білгісі келетін оқырмандар редакцияға жиі қоңырау шалады. Осы ретте оқырмандардан келіп түскен сауалдарды ОҚО мемлекеттік еңбек инспекциясы жөніндегі басқарманың бөлім басшысы, инспектор Асқар СЕЙТҚАЗИНГЕ жеткізе отырып, мәселенің мән-жайын түсіндіріп беруін сұраған едік.

49-019

– Өндірісте қызметкер жазатайым жағдайға тап болса, жұмыс беруші заң бойынша еңбек инспекциясына хабарлауға міндетті. Егер уақытында хабарламаса іс зардап шегушінің арызы бойынша қаралып, жұмыс беруші жауапқа тартылады, – дейді ол.

Төлемдер

Егер қызметкер жұмыста жарақат алғаны дәлелденсе:

– Жұмыс берушінің қаражаты есебінен қызметкерге еңбекке уақытша жарамсыздық бойынша әлеуметтік жәрдемақы;

– Сақтандыру төлемдері;

– Мүгедектігіне байланыс-ты жәрдемақы төленеді.

Еңбекке уақытша жарамсыздық бойынша әлеуметтік жәрдемақылар қызметкерге еңбекке жарамсыздықтың бірінші күнінен бастап еңбек қабілеті қалпына келген күнге дейін немесе мүгедектік белгіленгенге дейін төленеді.

Бір реттік сақтандыру ақысы – медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізіліп, мүгедектік белгіленгеннен кейін төленеді.

Мүгедектігіне байланысты жәрдемақы – науқастың ағза функцияларының тұрақты, қалпына келмейтін өзгерістері мен бұзылулар болған, жүргізілген оңалту іс-шаралары тиімсіз кезде тағайындалады.

І-ші топ мүгедектері үшін – 28352,

ІІ-ші топ мүгедектері үшін – 22163,

ІІІ-ші топ мүгедектері үшін – 15574 теңгені құрайды.

Сондай-ақ, жарақат алушы:

– Қосымша медициналық көмекке;

– Зақым келген қызметкерге басқа адамның, оның ішінде оның отбасы мүшелері жүзеге асыратын күтімге;

– Санаториялық-курорттық емделуге;

– Зақым келген қызметкерге еңбек қызметіне және тұрмыста қажетті техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдарына;

– Арнайы жүріп-тұру құралдары мен мүгедектердің арнаулы автокөлігімен қамтамасыз етуге;

– Кәсіптік оқуға (қайта оқуға);

– Қажетіне қарай арнаулы жағдайлар жасай отырып, жұмысқа орналастыруға құқылы.

Ал егер, мүгедектік «кәсіптік ауруға» немесе «еңбек жарақатына» өзгертілген жағдайда, куәландырылатын адамға бұрын белгіленген мүгедектіктің қалған кезеңіне кәсіптік еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесі (бұдан әрі – КЕА ) туралы анықтама беріледі.

Сонымен қатар: куәландырылатын адамға немесе оның заңды өкіліне:

1) мүгедектік белгіленген жағдайда – мүгедектігі туралы анықтама;

2) мүгедекті оңалтудың жеке бағдарламасы (бұдан әрі – ОЖБ) әзірленген жағдайда – ОЖБ картасынан үзінді;

3) жұмыс істеу, еңбек қабілетінен (бұдан әрі — ЖЕҚ) айырылу дәрежесін белгілеген жағдайда – жалпы еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесі туралы анықтама;

4) кәсіптік еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесін белгілеген жағдайда – кәсіптік еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесі туралы анықтамасы мен үзінді көшірмесін;

5) зақым келген қызметкер-дің қосымша көмекке және күтім түрлеріне мұқтаждығы айқындалған жағдайларда – зақым келген қызметкердің көмектің қосымша түрлеріне және күтімге мұқтаждығы туралы қорытынды;

6) кезекті қайта куәландыру кезінде мүгедек деп танылмаған жағдайларда – толық оңалтылуы туралы хабарлама беріледі.

Асқар СЕЙТҚАЗИН, ОҚО мемлекеттік еңбек инспекциясы жөніндегі басқарманың бөлім басшысы, еңбек инспекторы: 

– Жұмыскердің жарақаты өндіріспен байланыстырылса, еңбекке жарамсыздық парақшасы 100 пайыз, орташа жалақы мөлшерінде беріледі. Әрі бір реттік сақтандыру ақысы төленеді. Өкінішке қарай, арамызда өндірісте еңбекшартсыз жұмыс істеп жүрген адамдарда бар. Жұмыскердің еңбекшартты жасауды талап етпеуі, әрине жұмыс беруші үшін тиімді. Десек те, кез келген жұмыскер жұмысберушіден еңбекшартын талап еткені жөн. Бұл жұмыс берушіге де, жұмыскерге де ыңғайлы, ол екі тараптың да құқығын қорғайды. Еңбекшартта жұмыскердің жұмыс кестесі, атқаратын жұмысының көлемі, жалақысы толық көрсетіледі. Екі жақтың шарты құжатпен бекітіледі. 

Өтемақы төленбейді

Ал егер тексеру барысында:

– Зардап шеккен адам өз бастамасы бойынша жұмыс орнын тастап кеткені;

– Өзіне тиесілі емес функционалдық міндеттерді атқарғаны;

– Жұмыс берушінің мүддесімен байланысты болмаса ( вахталық әдіспен жұмыс істеу кезінде ауысымаралық демалыс, түскі ас кезінде);

– Мас немесе уытты және есірткі заттарды пайдаланғаны;

– Өз денсаулығына қасақана зиян келтіру немесе зардап шеккен адам қылмыс жасағаны;

– Қайғылы жағдайдың денсаулығының нашарлауына байланысты екені анықталса өндірістік жарақат және қызметкердің өндірістегі өзге де зақымдануы ретінде алған жарақат деп есептелмейді. Сәйкесінше оған ешқандай өтемақы төленбейді.

Еңбекшарттың болуы міндетті

Айтпақшы, Асқар Сейтқазин өндірістік жарақат алғандардың арасында еңбекшартсыз жұмыс істеп жүрген азаматтардың да бар екенін айтады. Бастапқыда жұмыс берушімен еңбекшартын жасасуға құлықсыздық танытатын жұмыскер арада кикілжің орнағанда әділет іздеп еңбек инспекциясына келеді екен. Маман мұндай жағдайда жұмыскердің өзінің сол мекемеде жұмыс істейтін-істемейтінін дәлелдеудің машақаты да жетерлік екенін жасырмады.

Назима ЖАҢАБАЕВА, өндірісте жарақат алып, мүгедек болған Жеңіс Қарақұловтың әйелі: 

– Үстіміздегі жылдың шілде айында «ҚТЖ» ҰҚ» АҚ «Арыс пайдалану вагон депосында» вагон операторы болып жұмыс істейтін жолдасым Жеңіс Қарақұлов түнгі ауысымда жүргенде мекеменің 2-ші қабатынан құлады. Өкінішке қарай, жерге басымен құлап, бас-ми жарақатын алған жолдасым жүрмек түгілі, отыра алмайды, сөйлей алмайды. Темір жол бекетінде 22 жыл бойына үздіксіз еңбек еткен жолдасым төсек тартқанда, жұмысынан хал-жағдайын сұрап келген ешкім болмады. Тіпті, жолдасыма тиесілі жәрдемақы мен өтемақыны ала алмай дал болдым. Алайда, еңбек инспекциясына шағымдана отырып, жолдасыма тиесілі өтемақыға қол жеткіземін деген үміттемін. 

Жұмыс беруші өз құқығын дәлелдей ала ма деген сауалымызға Асқар Сейтқазин еңбек инспекциясының араласуымен көп жағдайда жұмыскер құқығы қорғалатынын айтты.

– Жұмыскердің шағымына сәйкес жан-жақты тексерулер жүргізіледі. Нәтижесінде жұмыс беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылады немесе оған белгілі бір көлемде айыппұл салынады. Өйткені жұмыскерді еңбекшартынсыз жұмысқа қабылдау – ҚР Азаматтық-процессуалдық кодексінде заң бұзушылық болып табылады.

Осы Заңның негізінде жалақыға қатысты дау туындағанда, жеңіп шығуға мүмкіндік бар. Ал өндірістік жарақат алғанда жағдай мәселе, күрделене түседі, – дейді маман. Бетін аулақ қылсын, десек те пәле аяқ асында демекші, осындай қиындықтарға тап болмау үшін маман жұмысқа орналасқан кезде жұмыс берушімен екі жақтықтық еңбекшартқа тұруға кеңес береді.

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ

«Оңтүстік Рабат», №49, 03.12.2014