Шымкентте 2 адамды өлтіріп, 1 адамды жарақаттады деген күдікпен ер адам ұсталды

Шымкентте 2 адамды өлтіріп, бір адамды ауыр жарақаттады деген күдікпен ер адам ұсталды. Қазір күдіктіге қатысты аса ауыр қылмыс жасау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған.

4 қаңтар күні полицияға Абай даңғылы бойынан денесінде көптеген жарақаты бар 48 жастағы ер адам табылғаны жөнінде хабарлама келіп түскен. Жәбірленуші дереу ауруханаға жеткізіліп, оның денесінде бірнеше пышақ жарақаты анықталды. Науқасқа тез арада ота жасалған.

Қайратбек Тағайбекұлы, №1қалалық клиникалық ауруханасының дәрігер-нейрохирургі: «4 қаңтар күні сағат 17:15-терде дене жарақатымен келіп түсті. Жағдайы түскен кезде өте ауыр болған. Диагнозы – көптеген кесілген терең мойын және сол иық, бұғана аймақтарының кесілген жарақаттарымен түсті. Сол қолының тамырлары мен нервтерінің зақымдалуы болған. Түскенде жағдайы ауыр болды. Дер кезінде жедел түрде ота жасалынып, қазір жағдайы бірқалыпты, орташа, есі анық».

Араға уақыт салып, 1 мамыр көшесінен 1984 жылы туған ер адамның денесі табылған. Ал 5 қаңтар күні сағат 12:00 шамасында Еңбекші ауданында тағы бір ер адамның денесі табылды.

«Күдіктіні полиция қамауға алды. Аса ауыр қылмыс жасау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізілуде. Қажетті сараптамалар тағайындалды.
Өзге ақпараттар тергеу мүддесіне сәйкес жариялауға жатпайды» – делінген Шымкент қаласы ПД баспасөз қызметінің хабарламасында.

Қазір күдікті қамауда. Оған қатысты аса ауыр қылмыс жасау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, оқиғаның мән-жайы жан-жақты анықталып жатыр.