Оңтүстікте мүмкіндігі шектеулі жандарға қайырымдылық жасау жалғасып келеді. Бүгін «Жұлдыздарға қара» байқауы мәресіне жетіп, грант иегері марапатталды. Жеңімпазға 200 мың теңгеге кәсібіне қажетті техникалық қондырғылар сатып әперілді.
Автошебер Нұрлыбек Бәйменов — ІІІ топ мүгедегі. Жеті жылдан бері көлік жөндеп, осы кәсіппен отбасын асырап келеді. Жуырда автокөліктерге техникалық қызмет көрсету орнын ашыпты. Әзірге қарамағында 1 адам ғана жұмыс істейді.
Нұрлыбек Бәйменов, шебер: «Кей кездері көлікті жөндеуге кілт-темірлер мен техникалық қондырғылар табылмай қалады. Сол кезде көршілерден уақытша сұрап аламын. Олар да бермей қалатын уақыттар көп. Мәселен, тапсырысты 20 мың теңгеге алсам, темір құрылғыларды сатып алуыма ол ақша жетпейді. Айына шамамен 60 мың теңгедей таза пайда табамын, бірақ ол күнкөрістен артылмай келеді.»
Нұрлыбек енді техникалық қондырғалар іздеп сан-саққа сабылмайды, көршілерінен жалға да алмайды. Себебі оның еңбегі мен бизнес жоспарын «Құс жолы» қоры мен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры елеп отыр. Олар Нұрлыбекті «Жұлдыздарға қара» байқауының грант иегері деп таныды. Шеберге 200 мың теңгеге кәсібіне қажетті техникалық қондырғыларды сатып әперді.
Майя Бердалиева , «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының бас маманы: «Осы жолы бізге 16 бизнес жоспар түсті. Арнайы комиссия өтініштерді саралай келе Нұрлыбектің жобасын мақұлдады. Біз үміткерлердің ең алдымен идеясына баса назар аудардық, яғни жоба ары қарай жұмысын жасай алады ма, оның болашағы деген сияқты.»
Ұйымдастырушылардың сөзіне сенсек, байқауға 2012 жылы кәсібін ашқан мүмкіндігі шектеулі үміткерлер ғана қатысуға мүмкін алған. Айта кетейік, бүгінде дейін «Жұлдыздарға қара» жобасы 200-ге тарта мүгедек жанға қаржылай грант бөліпті.